Отандық танымал актер Тәуекел Мүсілім әкесі Сабыр Мүсілімнің рухына арнап ас берді. Іс-шара әкесінің туған жері Темірланда өткен.
Тәуекел – Сабыр Мүсілімнің тұңғыш баласы. Ол «Мотивациялық подкаст» жобасында әкесі, онымен қарым-қатынасы жайлы ойын бөліскен болатын.
Өнер иесінің сөзінше, ол әкесімен небәрі үш ай ғана тығыз араласқан. Себебі бала кезінде ата-анасы айырылысып кеткендіктен, Тәуекел анасымен бірге Алматыға кеткен.
Әкем тірі кезінде көзін көрген кісілер кездесіп қалып жатады. Сол кезде «сенің әкең батыр болған» деп мақтап қояды. Ол кісімен көп араласа алмадым. Бала кезімде ата-анамыз ажырасып кетті. Мен анамның қолында Алматыда қалдым, ол кісі Шымкентте болды. Анам әкеммен араласуға қарсы болған жоқ. Әкеммен үш ай ғана жақсы араластық. Мен 9-сынып оқып жүргенімде әкемнің қасында үш ай болдым, – дейді Тәуекел Мүсілім.