Биыл жоғары білімі бар кадрларды даярлауға 80 мыңға жуық грант бөлінеді. Мамандар тапшылығы бойынша өнеркәсіп, педагогикалық ғылымдар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және медицина саласы көш басында. Жазда 185 мың оқушы мектеп бітіреді. Түлектер үшін қай бағытта болашақ бар? Тілшіміз зерттеді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, былтыр 2200 грант игерілмей қалған. Әсіресе ауыл шаруашылығы, мал дәрігері, су ресурстары мен суды пайдалану сынды салаларда конкурсқа қатысу көрсеткіші төмен. Алайда игерілмеген гранттарды басқа мамандыққа қайта үлестіру механизмі бар дейді аталмыш министрлік өкілдері.
Жанна ЕСІНБАЕВА, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
мемлекеттік білім беру тапсырысының 60 %-ы осы техникалық мамандықтарға, ақпараттық-комуникативтік технологияларға, жаратылыстану, математика, механика мамандықтарына бөлініп отыр. Одан кейінгі басымдық педагогикалық мамандықтарға беріледі. Денсаулық сақтау министрлігіне қатысты гранттар да қарастырылады. Сол министрлік тарапынан 3000-дай грант беріледі.
Оқимын деген адамға мүмкіндік көп. Десе де жылдар бойы оқымай-ақ қарым-қабілетің болса кез келген салада мықты маман болуға болады дейтіндер де бар.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Более творческий мамандықтарды жай курспен де оқып алуға болады деп ойлаймын.
- Теориядан қарағанда практикадан көп үйренесің. Практикада өзің істеп көресің, өз ошибкаларыңды көресің, өзің жасайсың.
- Кейбіреу оқиды - пайда жоқ. Кейбіреу оқымайды, бірақ көп біледі
Ал Серікзат Дүйсенғазы: мамандығының мектебінен өтпеген адам кәсіби деңгейге жете алмайды дейді. Өйткені мамандарды әр салаға толық икемдеуге оқу орындарының ғана мүмкіндігі бар екенін айтады.
Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ, Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ КАФЕДРА МЕҢГЕРУШІСІ:
Теорияны білмеген адам барып практикамен сол саланы терең біліп кетеді деген - қателік. Оны бүкіл әлем дәлелдеген. Неге біз әлемдік Аристотель сияқты, Платон сияқты философтарды алға қоямыз? Неге практик мамандарды қоймаймыз мысалы… Себебі олардың сол философиясымен, солардың теориясымен практика әрі қарай дамиды.
Оқыған дұрыс, бірақ болашақта адам атқаратын жұмысты техникалар тындыруы мүмкін. Тек бұл әзір алаңдайтын жайт емес, өйткені ғылым саласына бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына да жетпейді. Осы тұста сарапшылар трансформацияға ұшырауы мүмкін мамандықтарға болжам жасады.
Мадияр АЛДИЯРОВ, "ЕҢБЕК РЕСУРСТАРЫН ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ" АҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
Орта деңгейдегі мамандарды қамтитын болады. Ол мысалы пошта қызметінде жұмыс істейтіндер, курьерлер, немесе қызмет көрсету саласында клиенттермен байланысатын, соларды жалпы сүйемелдейтін мамандықтарға тиесілі болады.
Жар таңдаудан және мамандық таңдаудан қателеспе демей ме… Бірінші мәселе мектеп оқушысын алаңдатпайтыны анық, алайда мамандық таңдайтын кезде жақсылап ойланғаны дұрыс.