Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

"Таза Қазақстан": Семей орманына 29 мыңға жуық көшет егу жоспарланған

"Таза Қазақстан": Семей орманына 29 мыңға жуық көшет егу жоспарланған

Абай облысындағы қарағайлы орман аумағына көшеттер егілді. «Таза Қазақстан» экологиялық акция аясында ұйымдастырылған сенбілікке мыңнан астам тұрғын қатысты. Олардың арасында студенттер мен еріктілер де бар. Ұлы ақынның туған жерінде өткен шарада 60 мыңға жуық ағаш егілген.

Бесқарағай ауданы Жыланды ауылының маңына жас шыбықтар егіліп, жаңа жас орман пайда болды. Барлық көшеттер осы жердің топырағына бейімделіп, жергілікті жылыжайда өсірілген. Акцияға атсалысушылар көшет отырғызып қана қоймай, оны күтіп-баптауды да қолға алмақ.

Ардақ ӨМІРТАЕВ, БЕСҚАРАҒАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз Мемлекет басшысының бастамасын қолдаймыз. Сондықтан бүгінгі акцияға тек әріптестер ғана емес, балаларымыз бен туыстарымызды да ертіп келдік. Көшет егу, айналаны жасыл желекке айналдыру өте маңызды жұмыс. Себебі бұл жер біздің аймақтың көрнекті аумақтарының бірі.

Колледж студенттері бұл көпшіліктің алғашқы ағаш егу акциясы екенін айтты. Олар бүгін еккен көшеттері біраз жылдан кейін ну орманға айналатынына сенімді. Бұл мақтанатындай, әрі жауапкершілігі зор жұмыс екенін жеткізді.

Ерасыл ТҰРАРОВ, СЕМЕЙ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ:

Экологиялық акцияны қолдау үшін достарымызбен бірге келдік. Біз өңіріміздің табиғатын тез қалпына келтіруге көмектесеміз. Барлық көшеттердің тамыр жайып, ауыл маңы қалың орманға айналғанын қалаймыз.

Акцияға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев та қатысты. Өңір басшысы «Таза Қазақстан» жастардың табиғатқа, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, сол арқылы экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Нұрлан ҰРАНХАЕВ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл бір реттік акция емес. Дегенмен өңірде орын алған вегетациялық жағдайға байланысты біз сәуір айының соңғы күндерінде ғана жұмыс істеп жатырмыз. Ауқымды акция күзде де жалғасын табатын болады. Шара Семей қаласы мен аудандарда жүргізіліп жатыр.

Акцияға қатысушыларды қолдауға Бесқарағай ауданының тұрғындары да келді. Көгалдандыру жұмыстарына «Елімай» футбол клубының тәрбиеленушілері де өз үлестерін қосты. Биылғы жылы Семей орманының 6 мың гектардан астам аумағына 28 млн 700 мың көшет егу жоспарланған.