Елордадан шыққан "Саламатты Қазақстан" пойызы шалғайдағы 140-тан аса елдімекенді аралайды. Вагондағы 15 жоғары білікті дәрігер ауыл тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетеді. Мамандар қарғын су шайып кеткен ауылдарға да барады.
Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
"Саламатты Қазақстан" пойызында халық түрлі медициналық көмек ала алады. Олардың шағын хирургиялық операциялар жасатып, тіс емдетуге де мүмкіндігі бар. Жалпы медпойыз 90 мың тұрғынға көмек көрсетеді.
Медициналық пойыздың алғашқы бағыты- Батыс Қазақстан облысы. Жолға шыққан дәрігерлер жылсоңына дейін халыққа ем-дом жүргізеді. Сондай-ақ бекетке келе алмағандардың үйіне барып, медициналық көмек көрсетеді.
Айнұр ЕГІНБАЕВА, АҒА ДӘРІГЕР:
Тегін түрде анализ тапсыра алады. Тегін түрде маммография, ренгенография, ЭГ және ректороманоскопия, осы барлық зерттеулерді, кеңестерді біздің медициналық пойызда тегін түрде ала алады. Біз халықтың страховкасы бар-жоғына қарамаймыз.
Ерболсын МАЛЕНОВ, СТОМАТОЛОГ:
Біздің стоматология бүкіл керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тегін консультация, тіс жұлу бар оның ішінде. Үлгермеген жағдайда біз аудан орталықтарына, қалаға консультация жолдамамен жібере аламыз.
Шойын жолдағы медициналық бекетте ауылдағы тұрғындардың денсаулығы толық тексеріледі. Сырқатқа шалдыққандарды аурудың алғашқы сатысында анықтауға мүмкіндік бар дейді, мамандар.
Тимур СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Осы жылы жаңадан аппараттар алынды. Қазір пойыз ішінде ең қажетті құрал-жабдықтар бар. Ең бастысы, дәрігерлер жеткілікті. Жобаға 30 маман жұмылдырылса, оның 15-і дәрігер.
Биыл денсаулық пойызында кардиолог, маммолог, педиатр және терапевт мамандар бар. Одан бөлек заңгер, психолог, медиаторлар да тегін қызмет көрсетеді.