Астанада ведомствоаралық эксперттік топ мектеп оқушыларының сапалы тамақтануын бақылады. Сарапшылар білім ордаларындағы асханаларды қадағалайтын бракераждық комиссияның жұмысына баға берді.
Бракераждық комиссия құрамына ата-аналар мен мектеп әкімшілігі кіреді. Олар ыстық тамақ және буфеттік тағамдарға бақылау жасап, асханадағы санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуын екі аптада бір рет қадағалауға міндетті. Ведомствоаралық эксперттік топ дәл осы бракераждық комиссияның жұмысын бақылау үшін №6 гимназияға барды.
Татьяна ВАСИЛЬЧЕНКО, АСХАНА МЕҢГЕРУШІСІ:
Біздің міндетіміз – балаларды дәмді, пайдалы әрі уақытылы тамақтандыру. Ас мәзіріміз белгіленген талаптарға сай, маусым сайын ауысып тұрады. Асханада 12 қызметкер бар. Барлығы кәсіби мамандар. Тағамдардың бағасын Білім басқармасы бекіткен.
Сарапшылар әр оқушыға кететін тамақтың құрамы мен мөлшерін, сондай-ақ тиісті құжаттардың дұрыстығын тексерді. Мамандар тексеріс барысында кемшіліктер анықталмағанын жеткізді.
Бақыт ШАНБАЕВА, ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ ЭКСПЕРТТІК ТОП МҮШЕСІ:
Ботқа деген тамақтың, соған салынған сүттің мөлшерін, сары майдың мөлшерін нормаға сәйкес екендігін анықтадық. Ботқаның құрамында 10 грамм сары май болуы қажет. Бутерброд болса, онда 10 грамм сыр болуы керек.
Серік ӘДІЛБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жалпы айтқан кезде бүгінгі күні мектептегі тамақтану сапасы жақсы. Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізіледі. Мәзір қарастырылуы мүмкін. Келесі оқу жылында сапалы тамақатануға дайындық жұмысын осы жаз уақытында бастаймыз.
Астанада жалпы саны 100 мемлекеттік мектеп бар. Ведомствоаралық эксперттік топ сәуір айынан бері қаладағы 15 мектептің асханаларына мониторинг жүргізді.