$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Түркістан облысында марокко зиянкестері қаптап кетті

Түркістан облысында марокко зиянкестері қаптап кетті

Түркістан облысында шегіртке қаптады. Марокко зиянкестері Сарыағаш пен Келес ауданының жайылымдық жерлерін тып-типыл етіп барады. Тұрғындардың айтуынша зиянкестер биыл әдеттегіден тым көп.

Әлімтау ауылының тұрғындары шегірткеден азар да безер болып отыр. Марокко зиянкестері әлі қанат байлап үлгермесе де жолындағының бәрін жайпап барады. Тездетіп көзін жоймаса төрт-түлігіміз азықсыз қалады ма деп алаңдайды.

Сапар ӘБДІРАЙЫМОВ, ӘЛІМТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Былтыр 500 гектар арпаны жеп кетті, шаңын шығарып. Биыл міне бара жатыр енді, тағы жейді биыл құдай қаласа, дымын қоймайды бұларды құртпаса. Жердің бәрін тұтасып, шөбіміздің бәрін жеп, ада қылатын болды.

Әзімхан ЖАМАНБЕКОВ, ӘЛІМТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 Жылда келіп самолетпен шашады, техникамен шашады дәріні. Бірақ жылдан жылға көбейіп бара жатыр шегіртке. Нәтиже жоқ ешқандай. Дәрісі әсер етпей жатыр. Әсер етсе бұл өлер еді ғой. Жылдан жылға көбейді.

Жергілікті жұрт былтыр дәрілеу жұмыстары тым кеш басталғанын айтады. Дәрі шашамыз дегенше шегіртке қанаттанып, бой бермей кеткен көрінеді. Шегіртке ошағы алты ауылдық округте анықталған. Аумақтық инспекция ақпаратынша, қазір зиянкестер биологиялық өсудің төртінші сатысында. Сәуір айының ортасынан басталған дәрілеу жұмыстары биыл 271 мың гектар аумақта жүргізілмек. Мамандар биыл нәтижелі болады деп сендіруде. Препараттар алмастырылып, дозасы күшейтілген.

Батырбек ТАҒАЕВ, САРЫАҒАШ АУДАНДЫҚ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Биыл қазір көріп отырсыздар, «тиаметрин», «карат супер» деген дәрілер қолданылып жатыр. Екі ұшақ жосарланған ауданға. 25 жерүсті техника жүріп жатыр. Жалпы облыс бойынша 100-ге жеткізіп жатыр техниканы.