$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Су басқан өңірлерде 400-ге жуық баспананың құрылысы басталды

03.05.2024ж. 20:00
388
Су басқан өңірлерде 400-ге жуық баспананың құрылысы басталды

Су тасқынынан зардап шеккен 13 мыңнан астам отбасы мемлекеттік қолдауға ие болды. Ол үшін бюджеттен 5 миллиардқа жуық қаржы бөлінді. Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан және бірқатар облыста арнайы комиссия құрылды. Оған 22 мыңнан аса тұрғыннан өтініш түскен.

Биыл Қазақстанның 10 облысы су тасқынынан зардап шекті. Үкімет комиссиясы тасқыннан келген шығынды әлі есептеп біткен жоқ. Жұмыс әлі жүріп жатыр. Үкімет су сергелденге салған мыңдаған адамға өтемақы беруге уәде берді.

Қазір зардап шеккен өңірлерде 3956 тұрғын үй тексеріліп, 2649 нысан бағаланды. 524 үйді жөндеу үшін үкімет 670 миллион теңгеден аса қаржы бөлді. 5 өңірде 400-ге жуық баспана құрылысы басталды.

Зардап шеккендер үшін тұрғын үйді қалпына келтірудің үш механизмі бар. Бірінші ұсыныс - жаңа үй салу. Екінші - бүлінген баспананы жөндеу. Ол болмаса нарықта дайын тұрғынын сатып алу.

Меруерт ИБРАЕВА, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

5 өңірде 34 мердігер компания 398 үй салуға кірісті. Сонымен қатар, Қостанай облысында әкімдік 31 пәтер сатып алып, зардап шеккен отбасыларға берді.

Тасқын судың зардабын тартқан әр адам мемлекет тарапынан өтемақы ала алады.

Ол үшін, алдымен, жергілікті атқарушы органға өтініш жазу керек. Әкімдік құжатты тіркеп, азаматқа түбіртек береді. Өтініш 15 жұмыс күні ішінде қаралады. Оның 10 күні өткеннен кейін мүлікке келген залал мөлшері бағалануы тиіс. Сөйтіп әкімдік өтемақы төлеу туралы шешім шығарады. Осыдан кейін 30 күн ішінде зардап шегушіге өтемақы төленеді.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Су тасқынана кеткен шығындардың өтемақы ретінде біздің ұлттық компнаиялар, жеке компаниялар, қарапайым азаматтар 154 млрд теңгеден астам қаражат жинаған екен. Үкіметтің резервінде 465 млрд теңге қаражат бар. Жалпы қаражат жағынан барлық шығындарды жабуға мүмкіндігіміз бар.

Өтемақы кімдерге беріледі? Қалай беріледі? Мұның барлығы заңда анық жазылған. Онда егер азамат табиғи апаттан зардап шексе, мемлекет ең төменгі қажеттілігін қанағаттандырады деп көрсетілген. Яғни, баспанасын ретке келтіруі тиіс. Ал басқа бағалы заттарын өтеуге міндетті емес. Қазір Үкімет осыған сәйкес жұмыс істеп жатыр. Заңгер Жандос Тұяқов, өзге мемлекеттерде сақтандыру жүйесі бар екенін айтады. Сол арқылы ондағы тұрғындар автоматты түрде шығынның өтеуін ала алады.

Жандос ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

 Міндетті түрде сақтандыру болса ол толық көлемде жүзеге асыруы керек. Ондай заң жобасы бізде әзірге жоқ. Оны солай келтіру керек. Яғни, халыққа альтернативо қалдыру керек. Сіз егер сақтандырсаңыз, сіздің мүлкіңіз толық көлемде қанағаттандырылады.

Қазірдің өзінде 13 мың отбасы мемлекеттік қолдауға ие болды. Оның көлемі, шамамен, 5 миллиард теңге. Шығынды өтеу әлі де жалғасады. Бұл - Үкіметтің қатаң бақылауында. Президент тапсырмасы бойынша зардап шеккен азаматтардың барлығына жан-жақты көмек пен қолдау міндетті түрде көрсетіледі. Ешкім назардан тыс қалмайды.

ТҰРҒЫНДАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ:

Тексерілді – 3956

Бағаланды – 2649

Жөнделді – 524

Бөлінген қаржы – 670 миллион

400 баспана - Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Павлодар, СҚО.