$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Құжаты жоқ алты бала табылды

AstanaTV
05.05.2024ж. 12:49
495
Құжаты жоқ алты бала табылды

Павлодар облысында  құжаты жоқ алты бала табылды. Олар – бір отбасының балалары.

Балалардың ең үлкені -2016 жылы, ең кенжесі өткен жылы ғана дүниеге келген. Бұл туралы Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

"Павлодар қаласында полиция, прокуратура, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және білім беру бөлімдерінің мамандары бірлескен рейд жүргізу барысында кәмелет жасына жетпеген 6 баланы асырап отырған шетелдік отбасыны анықтады. Балалардың туған жылы 2016-2023 жыл аралығын қамтиды. Олар ешбір АХАТ органдарында заңды түрде тіркелмеген, яғни туу туралы куәлігі және ЖСН-дері жоқ. Денсаулық сақтау және білім беру нысандарында бекітілмеген. Бұл - Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу", - деп мәлімдеді департаменттен.

Қазір балалар анасымен бірге облыстық балалар аруханасына жатқызылып, дәрігерлік бақылауға алынды.

Аурухана директорының орынбасары Ирина Орсагоштың айтуынша, отбасы мүшелерінің барлығын дәрігерлер тексеріп шыққан. Денсаулық жағдайлары тұрақты, бірақ дәрігерлік бақылау мен күтімді қажет етеді. Жергілікті мемлекеттік органдар бүлдіршіндерге туу туралы куәлік пен ЖСН, сондай-ақ отбасыға Қазақстан аумағында уақытша тұруға рұқсат беретін құжаттарды ресімдеуге жәрдемдесіп жатыр.