$488.11 €530.09 ₽5.01
×

Техас штатын топан су басты

AstanaTV
05.05.2024ж. 16:07
605
Техас штатын топан су басты

Жұмада басталған толассыз жауыннан Техас штатының оңтүстік-шығыс аудандарын тасқын су басты. Бұл туралы 24.KZ. хабарлайды. 

Дауылдар Полк, Монтгомери, Либерти және Харрис аудандарын жайлаған. Салдарынан өзен, көлдер арнасынан тасыды. Сан-Хасинто өзенінің шығыс тармағындағы су максималды деңгейге жеткен. Құтқарушылар 400-ден астам адамды суда қалған үйлерінен және жолдарда құтқарып қалды.

Ал синоптиктердің болжамы бойынша жексенбі күні де қатты жаңбыр күтілуде. Тасқын су кейбір үйлердің шатырына дейін жеткен. Шенеуніктер өзеннің шығыс жағалауындағы тұрғындардың барлығына міндетті эвакуация жариялаған болатын. Алайда көп адам ескертуге құлақ аспаған. Сондықтан арнайы қайықтарға мінген құтқарушылар су басқан көшелермен үй-үйді аралап, көмекке мұқтаж жандарды іздеді.

Райан Холл, бақылаушы: - Бұл менің карьерамда көрген ең қатты тасқын. Өзім осы жердің тумасымын, өзен суының осыншама биік көтерілген кезі есімде жоқ. Кеше техасстық бақылаушылар 100-ден аса адамды құтқарды. Қалғанын біздің жергілікті серіктестеріміз бен өзге де мемлекеттік ұйым өкілдері құтқарды.

Сан-Хасинто өзені су басқармасының мәліметінше, соңғы аптада Конро көлінің маңайына 50 см жауын-шашын түскен. Қатты жаңбыр салдарынан бөгеттегі су мөлшерінен асып, тасыған соң жырып ағызуға мәжбүр болған.

Остин Джуно, тұрғын: - Айналамыздағы суды көріп тұрсыздар. Дәл қазір ол жолдың үстіне шықты. Өте тез келіп жатыр. Мені Конро көлінің жайы қатты алаңдатады. Ондағы бөгетті ұзаққа ашса, көп мөлшердегі су тікелей осы жерге келеді, су тез көтеріледі. Сондықтан олар бөгеттерін ашық қалдырса, біз тығырыққа тірелеміз.

Осы ауданда 3 ірі су қоймасы бар. Бөгеттерді бұзылудан сақтау үшін осы қоймалардың суы біртіндеп ағызылып жатыр. Ұлттық метеорологиялық қызметтің хабарлауынша су тасқыны қаупі сейсенбіге дейін сақталады.