Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

"Қызметіме спорттың көмегі көп", - полиция қызметкері

"Қызметіме спорттың көмегі көп", - полиция қызметкері

Қоғамның тыныштығын күзетіп, өзгелердің қауіпсіздігі үшін өз басын қатерге тігіп жүрген полицейлердің еңбегі ерен. Олар кез келген уақытта сапқа тұрып, қызметке кірісе кетеді. Жұмысына берілген тәртіп сақшылардың қатарында елордалық Мұрат Әбшекенов те бар. Ол қызметте ғана емес, сондай-ақ спортта да үздіктер қатарында.

Мұрат Әбшекенов полиция қызметінде 10 жылдан бері жұмыс істейді. Ол бала күнінен спортпен шұғылданып, әлі күнге шаршы алаңда да, боз кілемде де күш сынасады. Тәртіп сақшысы кикбоксинг, джиу-джитсудан Қазақстанның екі мәрте чемпионы атанған. Оның айтуынша, қазіргі ісіне спорттың көп көмегі тиеді.

Мұрат ӘБШЕКЕНОВ, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ПБ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Спортпен шұғылданғанның пайдасы өте көп. Кейбір қылмыскерлер қашады. Оны қуу керек. Өз-өзін қорғау бар. Прием боевой самбо дейді ғой, приемдарды қолдану өте қажетті болады. Өз-өзіне жауап беру, сол кезде жұмыста да, өмірде де керек болады.

Жұмыста да, спортта да үздік болудың сыры отбасы мен жақындарымның арқасы, дейді полицей. Сондай-ақ әріптестердің де жылы қабақ танытып, сенім артуы да күш беретінін айтады.

Тимур НИКИФОРОВ, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ПБ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Жұмыста жоғары тәжірибеге ие сауатты қызметкер. Кез келген мәселеде дұрыс шешім қабылдай алады. Ол барлық тапсырмаға жоғары жауапкершілікпен қарайды. Өте табанды мақсат қоя білетін жігіт. Қиын жағдайларда ұстамдылық танытады. Ұжымда сыйлы, қарапайым, адамгершілігі мол азамат деп толық айта аламын.

Спорттан қол үзбей келе жатқан Мұрат Саматұлы жуырда ғана «Бірлік жүгірісі» марафонына қатысып, 21 шақырым қашықтықты еңсерді. Аз сөйлеп, көп іс тындыратын ол спортта да, қызметте де біраз шыңды бағындырған.