Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қостанайдағы «Ақжелең ансамблі» 99 жастағы қарт жауынгердің үйінде концерт қойды

06.05.2024ж. 20:00
159
Қостанайдағы  «Ақжелең ансамблі» 99 жастағы  қарт жауынгердің үйінде концерт қойды

Қарт жауынгер Қасымхан Алдабергенов есімі қара сөзді қадір тұтқан қағілез қазақ үшін жақсы таныс. Соғыстан кейінгі саналы ғұмырын сахнаға арнаған ардагер, ұлт руханиятына өшпес із қалдырды. Қазыналы қарияның қара шаңырағында бүгін күй күмбірлеп, ән әуеледі. «Ақжелең» ансамблі концерт қойды.

Тұла бойына өнер тұнған Қасымхан қария алғаш рет 13 жасында аудандық мәдениет үйінің сахнасында өнер көрсеткен. Сұрапыл соғыстан оралған соң жыраулық пен айтыскерлік өнердің өр биігіне шығады. Қаламы жүйрік журналист. Ұлағатты ұстаз. Сан қырлы саңлақтың Жітіқара жерінде тұңғыш көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, домбыра оркестрін құрғаны тағы бар.

Қасымхан АЛДАБЕРГЕНОВ, СОҒЫС АРДАГЕРІ :

Қазақта қанша өнер бар.Қандай өнер бар.Қай дәрежеде.Сол ұлттық қасиетті,ұлттық үнді, сазды,мінез-құлықты ұстайтын сахна.Сахна халықты тәрбиелейді ғой.

Талай айтыста аламанға түсіп, өрелі өнер бәйгелерінде топ жарған адуынды ақын, абыз ақсақал өнерпаздарды көргенде арқасы қозып, қолына қасиетті қара домбыра алды.Тоқсан тоғыздағы жыр кеуде жырлай жөнелді.

Ғибратты ғұмырын қасиетті өнер жолына арнаған ардагердің өрелі сөз саптасы,талантының тағылымы өскелең ұрпақ үшін өмірлік өнеге. Ақсақал «Ақжелең» ансамбліне алғысын жаудырып, ақ батасын берді. Өнерпаздарға өсиет, ақылын айтты.

Ыбырай ЕСЖАНОВ, «АҚЖЕЛЕҢ» ФОЛЬКЛОРЛЫҚ-ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ АНСАМБЛІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ақсақалды келе жатқан жеңіс күнімен құттықтап «Ақжелең» ансамблі. Ән-күйімізді шашып, әкеміз «Ақжелеңге» деген өз өсиет, ақылын айтты.Ол кісі кезінде айтысқа қатысқан, жыршы-термеші кісі.Сол кісіден біраз бағыт алдық.Өзіміз де өнерімізді көрсетіп, ол кісіден де біраз , білім тәлім алдық.

Қазақтың халық әні,жыр өнері ,қасиетті қобызы, қара домбырасында ұлттық рух бар. Ал қазіргі ұрпақ еуропаның салдыр-гүлдір музыкасына әуес. Жастардың жадына, тұлай бойына табиғи, төл өнерімізді сіңіру қажет , дейді ғасыр жасаған қария.