Президенттің дәстүрлі Жолдауы бұл жолы дәстүрлі
емес түрде – жазбаша тарады. Оқып, қорытқанның әсері бөлек. Мағынасына бірден
тереңдейсің.
Цитата: Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың
жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз
алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа
берілген мүмкіндік. Жолдаудың
барлық пунктіне тоқтала алмаймыз. Бірақ
оқып тұрған осы тұсы – дөп сөз. Әрі бүкіл әңгіменің, мәселенің қаңқасы.
Әдетте біз «дамыған елдерде былай» деген мысалдарды оқимыз, естиміз, көреміз.
Көштің басында жүретіндері – жоғары технологияларға негізделген экономика, ал
оны қамтамасыз ететін инфрақұрылымдар күшті. Ең маңыздысы – саяси бәсеке күшті,
адам капиталы бірінші орында. Бұл туралы сәл кейінірек...
Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет...Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты.Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын.
Модернизация 3.0. Жаңғырудың үшінші сатысында «цифрлық Қазақстан» жасау сән үшін айтылған сөз емес, себебі басқа жол да, амал да жоқ. Біз әлеуметтік желілер арқылы «сөйлесіп», хабар алысып отырғанымызға қарап, «қандай уақыт» деп тамсанудан шығуымыз керек. Интернеттің уақытты үнемдейтін, тіршілікті оңайлататын, бюрократияны тежейтін, тіпті жемқорлықты да тежейтін күші бар. Ал жаңа технологияларға негізделген өмір ... қарапайым мысал, принтері болса адамның киім-кешегі мен топли-тәпішкесіне дейін шығаратын, энергияны үйінің төбесіне, жанына орнатқан күн немесе жел панелдерінен алып, артығын сататын – бір сөзбен айтқанда «әлем» адамның маңында айналатын тіршілік...
Асқар Елемесов, тәуелсіз экономист:
Дания Еуропадағы дамыған елдердің бірі. Бұрын олар электр энергиясын көмірден алатын. Немесе термоядролық станциядан алатын 95-99 пайыз. Соңғы он жылда әр үйдің төбесіне күн батареяларын қойып, әр үй өзі өндіретін болды. Қазір айтып жатыр ғой, төртінші индустрилизация жүріп жатыр дейді ғой, ол деген не, яғни әрбір үй өзін энергияны өзіне алып қоймайды – артық болса, желіге сатып жібереді.
Біз мүмкін костюм-шалбар тігіп, косметика бұйымдарын шығара алмаспыз. Ал ауыл шаруашылығы саласында өнім өндіру – негізі қолдан келетін дүние. Жолдаудан тағы бір цитата:
Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек...Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет...
Асқар Елемесов, тәуелсіз экономист:
Дрон деген бар. Сол дрон арқылы егіс алқабында қай жерде су жетпей жатыр, қай жерде арамшөп қаптаған, соны көресіз. Ал жаяу араласаңыз, қаншама жер-қаншама еңбек...
Адам капиталы. Жолдауда осының айтылғаны өте дұрыс. Себебі дұрыс білім беру, білімді адамның білікті маман болуына жағдай жасау ең керегі.
...Адами капитал сапасын жақсарту. Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет.
Асқар Елемесов, тәуелсіз экономист:
Инновациялық экономикада ең негізгі өндірілетін «тауар» - білім. Білімі «көп» тауарларды, технологияларды экспортқа шығарып, ақша тапса, ол инновациялық экономика. Біздің балаларымыз ҰБТ дайындалады... керек емес нәрселерге үйретеміз. Мысалы, Финляндия баға қоюды қойды. Себебі баға деген не? Ол мұғалімнің көңіл-күйі – бір күні былай, ертең былай. Баланың басында тәртіп, қаталдық қалады. Ол заман өтіп кетті. Әрине, Армия мен полицияға керек шығар. Ал инновацияны дамыту үшін еркін, творчестволық рух керек. Сондай тәрбие керек.
Енді мынадай штрихтар. Үздіксіз дамып жататын жаңа технологияларды қайта-қайта сатып алуға шама жете ме? Сатып алмасқа амал жоқ технологиялар бар. Әрине көп.
Асқар Елемесов, тәуелсіз экономист:
Кезінде, есіңізде ме, үндістер француздардан ескі қару-жарақты сатып алғаны – барлық алтынын шашып... Ағылшындар келеді, 20 жылдан кейін. Үндістер ойлайды, ағылшындарды тас-талқан етеміз деп. Ағылшындар, 1000 адам ғана, үндістерді 1 шақырым, жарты шақырым жерден атып тастап отырды...
Бірақ біздің тіршілікке, стандарттарға ыңғайлау ісі бар. Қазақ тілінде сөйлету бар. Ол да өте маңызды мәселе. Жалпы, кез-келген мемлекетті сүйрейтін адамдар саны бүкіл тұрғынның 5-ақ пайызы.
Асқар Елемесов, тәуелсіз экономист:
Ол 5 пайызыңыз – қазір шекара ашық, тұрады да кетіп қалады. Дұрыстап жағдай жасаса, олар қалады. Әйтпесе тұрады да, кетеді. Мысалы, Ғалым Әбілсейітов ол 80-жылдары Мәскеуде лазер физикасынан ең бірінші ғалым болған. Кеңес заманында МГУ, МИФИ... студенттері сол кісінің оқулығынан оқыған. Ол кезде совет одағы Америкадан лазерлі физикадан 5 жыл алда келе жатқан.
Келесі мысал. Иә, хакер деген ат жақсы емес. Бірақ шынында «басы бас» адамдар. Қазір олар кәдімгідей күш. Әлем мемлекеттері тіпті кибершабуылдарға тосқауыл болатын құрылымдар жасақтап жатыр. «Викиликс», «Сноуден», АҚШ-ғы соңғы президент сайлауы – ақпараттық майданның мылтықты майданнан айырмашалығы қалмай барады... Ал білесіз бе, біздің қазақстандық мектеп дүние жүзі бойынша «милы бас» дайындайтын оқу ордаларының арасында 26-орынға қойылған.
Асқар Елемесов, тәуелсіз экономист:
Хакерлер платформасы бар. 5-6 мың хакер сауалнамаға қатысқан. Аналитиктер олардан сұраған, ақпараттық технология бойынша дүние жүзіндегі қай мектептер жақсы деп. Сонда Алматыдағы қазақ-түрік лицейі 26-орында болған. Дүние жүзінде бірнеше миллион мектеп бар. Не Франция, не Германия, не Жапония, не Италияның бір мектебі біздің алдымызға түспеген... Таланттымыз. Халқымыз дарынды... Еркіндік керек. Бизнеске бостандық керек. Б.Гейтс-тер бар. Олар кетіп қалады...
Білім – басты қару. Алайда...
Асқар Елемесов, тәуелсіз экономист:
Көп халық әлі ауыл жақта. Өзіңіз білесіз, олар екінші революциядан өткен жоқ. 70 пайыз оларға баратын жол жоқ. Сонда Интернеттің «қызығы» болмайды... Меніңше, жасайтын нәрсе – урбанизация. Еуропада халықтың 93 пайызы қалаларда тұрады.
Сонымен бірге белгілі америкалық экономист, тегі ливандық Нассим Талебтің пайымынша, болашақта адамзатты адамдардың 5 пайызы ғана азық-түлікпен, 10 пайызы ғана заттай тауарлармен – көлік, тұрмыстық техника, киім дегендей, қамтамасыз етеді. Сонда қалған 85 пайыз не істейді?
Асқар Елемесов, тәуелсіз экономист:
Қалған 85 пайызы не істейді. Мейлі арасында жартысы балалар мен қарттар болсын. Қалғандары ше? Сауалдар көп.
«Өнеркәсіптік Интернет». Бұл туралы әңгіме қозғаған біртүрлі де шығар. Бірақ. Мысалы, сіздің телефон өзінің «өлетінін» біледі, бұл туралы өзін шығарған зауытқа хабар береді, зауыт істен шығатын тетікті немесе телефонды қайта шығарады. Телефон «өлген» күні сіз жаңа телефон аласыз. Расында біртүрлі сияқты ма? Тоқсаныншы жылдары жақын уақытта мысалы, Америкадағы танысыңызбен телефонмен бейнеқоңырау арқылы хабарласасыз, тіпті сымсыз телефонның ішінде бейнелеп айтқанда «теледидар» болады деген әсіресе кеңес шекпенінен шыққандардың түсіне де кірмейтін... Сондықтан...
Асқар Елемесов, тәуелсіз экономист:
Өте жақсы айтып жатыр, Елбасы. Қараңыз, Өзбекстанда әр үйде 100 тауықтан ұста деп жатыр. Ал біздің Президент жаңа технологиялар туралы айтып, не істейміз ағайын- дейді. Ол көзқарас...
Билік бұтақтары арасындағы өкілеттіктерді бөлу, халыққа жолдау... Күрделі өзгерістер қажет. Қарапайым мысал, реформалардың қалай жүріп жатқанын, нәтиже бар-жоғын, тиімділігін анықтайтын сараптамалық орталықтардың саны қанша? Жұрттың ойы, сезімі, көңілі қалай өлшенеді? Атқарушы билік қандай есептерге арқа сүйейді? Жоқ емес, анализ жасайтын орталықтар бар. Бірақ...
Дос Көшім, саясаттанушы:
Мемлекеттік тұрғыдан аналитика менің миыма кіріп шықпайды. Соның жасаған сараптамасы тек ғана дұрыс деп айта ма, жоқ әлде басқа да бәсекелес, басқа да сараптама орталықтарының – олар бар, олардыкі де қаперге алынуы керек.
Жұмада Президент үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген. Мынадай тұжырым:
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкімет топ құру керек. Оған мемлекеттік қызметтегілер ғана емес, креативті ойлайтын адамдарды тарту керек. Олар ұсыныс беріп отыруы керек – қалай орындаймыз деген. Мәселе сонда. Құр әшейін жолдау айтып, мына жерде бір-бірімізбен сөз жарыстырып, сонымен тоқтайтын болсақ, еш нәтиже шықпайды.