$474.83 €515.38 ₽5.5
×

Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Президент министрлерге қатаң тапсырмалар жүктеді

AstanaTV
03.02.2017ж. 20:00
2660
Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Президент министрлерге қатаң тапсырмалар жүктеді

"Бюджет қаражатын тиімді игермегендерге ақша жоқ, ал инвестиция тарта алмағандар жауап берсін. Бизнесті қыспаққа алғандарды жұмыстан қуыңдар." Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев осындай тапсырмалар жүктеді. Елбасы елдің экономикалық әлеуметтік ахуалы бойынша есеп берген Үкімет мүшелерін бір сілкілеп алды. "СК Фармация" басшылығын жұмыстан қуып, шенеуніктерді жеке меншік секторды дамытуға шақырды. Айгүл Әдепбай тарқатады.

Министрлер бүгін әдеттегідей дайын баяндамаларын баяндап, жаттанды сандарды соға алмады. Елбасы есеп берген әр шенеунікті сұрақтың астына алды. Ал кейбір министрлер соңғы ескерту алып, кейбірі атқарған жұмысынан жаңылып жатты.

-Экспорт кім шұғылданады? -Экспорт біздің министрлік.. -Кто занимается? -Мы создаем департамент по экспорту. - Все еще создаешь? -Создали уже. Создаем Нурсултан Абишевич.

Министр Жеңіс Қасымбек экспорт бойынша департамент құрған құрмағанын білмей шатасып қалды. Ал елімізге шетелдік инвесторлар неге келмей жатыр, деген сұраққа жауап беретін шенеунік табылмады. Жекешелендіруге қатысты Үкіметтің қолында дұрыс бір жосапрланған жүйе жоқ деп, сынға алды мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен мұнда шақырамын, кездесетін адам жоқ. Ешкім шешім жатқан жоқ мәселені. Анда барады, мында барады, қайтып кетеді. Барлық жағдай Қазақстанда бар екенін айтатын адам жоқ. Мемлекет қолында жүйе болу керек. Ал биылғы жылы істейтін жұмыстың нәтижесімен ендігі жылы осы жерде тұрғанда, басқаша көрсеткіштерді айтуың керек.

Дамыған отыз елдің қатарына ену үшін, басқаша жұмыс істеу керек деген Президент, жылдық жалпы ішкі өнім 5 пайыздан кем болмауы тиіс, деп қадап айтты. Жекешелендіруге қатысты сын да, сұрақ та аз емес. Шетелдіктерді кіргізбей, бәрін өзара бөлісіп жатқандарға шүйлікті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ал қазір жекешелендіруге беріп жатқандарды қарасаң, біреу де жоқ ішінде. Барлығы өзіміздің осы жерде жүргендер. Бір де бір трансұлтты қомпания, бір де бір салмақты инвестор жоқ жекешелендіруде. Неге? Тағы барлығын өзімізде междусобойчиками будем делать да? 

Миллиондар мен миллиардтарды игермейтін министрліктерге ақша бермеу керек, деді Елбасы. Алдымен денсаулық сақтау және білім және ғылым министрлігінің қаржылық жағдайын тексеруді тапсырды. Қаржы министріне ақшаны үнемдеудің орнына оңды-солды таратып отырсың деп, соңғы рет ескерту жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бір рет айттым саған мемлекет қаржысын тиімді пайдалану жолын іздеу керек деп. Енді міне екінші ескерту беріп отырмын. Байқа, үшінші ескертудің сен үшін аяғы жаман болады.

Ал ұлттық банк басшысы оң баға алды. Бас банктің жұмысы жүйелі деген Елбасы, "егер Ұлттық банк тәртіп жүргізе бастаса, оның басшысына шабуыл күшейеді, сондықтан ісіңе араласқандардың атын айтып, түрін түстеп бер, ешкімнен қорықпа" деп, қолдау білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ешкімнен қорықпа. Газеттер мен журналистер емес, олардың қожайындары кінәлі. Тәртіпке келтіруге кедергі келтіретін қожайындарға шара қолданамыз. Банктер әлсіз. Небәрі 4 банк қана банктердің 80 пайыз активтерін ұстап отыр. Қалған 26-сында 1 пайыз да жоқ.

Мемлекет басшысы жасырын рэкет жасап, бинесті бопсалап жүргендерді жұмыстан қуу керек деді. Соңғы 10 жылда нормативті құқықтық актілер саны 4 есе артқан. 60-тан астам ведомство бизнесті тексеріске алып, тұншықтыратын көрінеді. Кәсіпкерлерге 28 мың талап қойылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жеке клиника ашу мүмкін емес, жеке бизнес ашу деген мүмкін емес. Үкімет ішінде "Бесінші колонна" қайда отыр? Шындығында, тексеретін органдар қысқарған жоқ. Қысқарттық қой. Олар неге әлі отыр?  Бұл таң қаларлық нәрсе.

Елбасы кәсіпкерлерді қыспаққа алғандарды тексеруді Бас прокурорға тапсырды. Тек соңғы 2 жылда мелекеттік кіріс органдары 17 мың қылмыстық іс қозғаған. Бірақ 9 мыңдай істе қылмыстық құрам табылмай, тоқтатылған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл бизнесмендерді бопсалаудың жасырын түрі. Адамдарды қорқытып, қылмыстық іс қозғайды. Кейіннен ол барлығын істеуге дайын болады. Осындай әрекетке барған құқық қорғау немесе салық органдарының қызметкерлері жұмыстан босатылуы тиіс. Не үшін 9 мың іс босқа қозғалған? Енді бұл қызметкерлер кім екенін тексер.

Министрлердің ендігі жерде ешкімге жалтақтамай, дербес шешім қабылдауы керектігін де ескертті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Баяғы жартас, бір жартас». Бәрібір министрлер келеді де,  Премьер-министрге  хат жазады, маған жазады. Вице-премьерлер бар, оларға хат жазады. Өзіне жауапкершілік алмайды. Ондай қорқақ болсаңдар, мұндай жұмысқа неге келесіңдер?  Басқа жерге  барыңдар.

Президент 2900 лауазымды тұлғаның тергеуде отырғанын айтып, мен олардың ата-анасынан да қатты уайымдаймын деп, ағынан жарылды.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Елбасы министрлер мен әкімдердің ісін 4 сағатқа жуық майшаммен қарап, кесек-кесек кемшіліктерді тізді. Мемлекетке қызмет істеу керек, бюджет теңгелерін үнемдеңдер дегенді қайталаумен болды. Ал шенеуніктер проблемаларды білеміз, ескереміз, түзетеміз деген жаттанды жауаптарынан жаңылмады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ