Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында Семейде дәстүрлі садақ атудан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Кубогы басталды. Қазақстан кубогына алғаш рет қатысушылардың рекордтық саны – еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам үздік садақшы қатысуда.
Үздік садақшылар сайысы Семей қаласындағы «Цементник» стадионында 4 нысана бойынша өтеді.
Қазақстан Республикасының Кубогы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Садақ ату федерациясы, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Абай облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ және Sport Qory спортты қолдау қоры.
«Жарыс төрт түрлі нысана негізінде өткізіледі. Олар – Пута нысанасы (9 оқтан 7 мүмкіндік), Қалқан нысанасы (7 оқтан 7 мүмкіндік), Жамбы нысанасы (5 оқтан 5 мүмкіндік) және командалық жарыс. Барлық спортшыға бірдей төрт нысанада бақ сынау мүмкіндігі беріледі», - деп атап өтті Дәстүрлі садақ атудан Қазақстан құрамасының бас бапкері Диас Ахметов.
Жарыстың алғашқы күнін 200-ге жуық ер, 100-ге жуық әйелдер санаты Пута нысанасы бойынша бастады. 9 оқтан 7 мүмкіндік атып болған соң, жалпы ұпайдың қорытындысы бойынша жоғары ұпай жинаған 16 спортшы іріктеліп, 1/16 финалда бағын сынады.
Сонымен Пута нысанасы бойынша Ербол Тапенов (Астана қаласы), Али Сейсигюзель (Атырау қаласы), Мақсат Әбдікеримов (Шымкент қаласы), Айкөркем Батихан (Астана қаласы), Динара Жақсылықова (Астана қаласы) Ажар Төлеуқанова (Өскемен қаласы) жеңіске жетті.
Жарыс қорытындысында әр нысана бойынша ерлерге және әйелдерге 1, 2, 3 дәрежелі орын беріліп, жеңімпаздар медальдар және дипломдармен марапатталады.
Еске сала кетейік, Республикалық садақ ату федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге бәйге, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.