Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Таразда бүтін бір аудан халқы өркениеттен қалыс қалдық деп шу шығарды

AstanaTV
03.02.2017ж. 20:00
3447
Таразда бүтін бір аудан халқы өркениеттен қалыс қалдық деп шу шығарды

Тараздың шетіндегі «Шалғай Қарасу» ауданының тұрғындары, өркениеттен қалыс қалдық деп, шу шығарды. Көшелер қоқыс қалдықтарына толып қалған. Ауыз су мен жол да жоқ. Қарасулықтар 30 жылдан бері осы мәселе шешілмей келе жатқанын айтады. Жергілікті билік тұрғындардың талап-тілегін неге орындамай отыр?  Данияр Әлімқұл толықтырады.

Бұл «Шалғай Қарасудың» орталық көшесі. Тараздың түбінде тұрса да, тазалығы көңіл көншітпейді. Тұрғындар тіршілік нәрінен де әбден тарыққан. Айтуларынша, ауладағы құдықтарынан қара май секілді су ағады.

8 метрге дейін ұрылған құдық мынау. Ары қарай тас, труба кірмейді. Шыққан суымыздың түрі мынау.

Берікбай Мәтелбеков, Тараз қаласының тұрғыны:


Аты айқалап тұр, Центральный деп, көшемізбен адам баласы жүре алмайды. Жедел жәрдем де жүре алмайды. Ең бірінші мәселеміз сол - ауыз су. Одан кейін - жолымыз, одан кейін - жарығымыз. Өзі кішкентай-ақ көше. 25-30 жыл болды бір де бір жәрдем жоқ. Есепте жоқпыз осы көше, шынын айтқанда. Бір-ақ автобус жүреді көшемізде. Шетте қалып кеткенбіз.

Ал, қоқыс тазалау қызметі тек қала ішінде ғана жұмыс істейді. Шаһар шетіндегі біздің көшеміз мүлде елеусіз қалады, арнайы көлектер келмейді деп, жыларман. Бірнеше күн бойы жиналып қалған қоқыс желмен ұшып, жол бойында жайрап жатады екен.

Айдархан Керімбеков, Тараз қаласының тұрғыны:


Қоқысымыз мынау. Тіпті, экологияға ешқандай да сәйкес келмейді. Екіншіден, мына көшеміздің батпағы. Балалар мектепке барып келгенше, екі аяқ киім киеді. Біреуін апарып, пакетпен сол жақта киеді. Біреуін осы екі ортада. Жылына 4 аяқ-киім тоздырады, айналайын! Анау суды ішуге болмайды бізге, тіпті бақша суғаруға болмайды. 

600-дей адам тұратын ауданға жалғыз ғана қоғамдық көлік қатынайды. Көшелерді жарықтандыру да жолға қойылмаған. Жергілікті атқамінерлер мұның бәрі қаржыға келіп тірелетінін алға тартты. Дегенмен алдағы 2 жыл ішінде жағдайды реттейміз деп сендірді.

Қадырбек Геметбаев, Тараз қаласы әкімдігі түкш жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

-Қанша қаражат керек? - Қазір есімде жоқ. - Жобалық құнының қаражаты қандай болды? - Оның жобасын көтеру керек. Айта алмаймын. Центральный көшесінің 2015 жылы жобасы жасалынған. Былтыр бюджеттік өтінім берілгенімен, оған ақша қаражат тапшылығына байланысты 2017 жылға қалдырды. Енді алдағы уақытта осы жарты жылдықта ол көше асфальтталады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Жауаптылар, алда атқарылар қыруар жұмысқа қанша қаржы қажет екенін ашып айта алмады. Ал, шаһар шетіндегі «шалғай қарасулықтар» болса, 30 жылдан бері әкімдік әмиянына қашан қаражат түсер екен деп күтумен келеді. Әзірге көшені жарықтандыру бойынша 5 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалыпты. Қаржы бөлінген жағдайда 2018 жылы ғана жұмыстар жүргізілмек. Қысқасы, тұрғындар талап-тілегі орындалу үшін күтулеріне тура келеді.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ