$467.29 €501.03 ₽5.35
×

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады

AstanaTV
11.05.2024ж. 18:16
428
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады

Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты элиталық дивизионында Қазақстан құрамасы алғашқы матчта Францияға қарсы ойнайды. 

Бүгінгі кездесуде франциялық құрама сапынан Энцо Кантагалло 2-минутта есеп ашып кетті. Одан кейін қазақстандық хоккейші 3-минутта таразы басын теңестірді. Ал, Максим Мухаметов 7-минутта есепті үстемелей түсті. 

Екінші кезеңде франциялық хоккейшілер таразы басын теңестіруге ұмтылды. Десе де діттеген мақсатына жете алған жоқ. Есесіне 37-минутта Кирилл Савицкий Қазақстан құрамасы сапында бір хоккейшінің кем ойнағанына қарамастан жеке шеберлігінің арқасында мергендік танытты. Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, әлем чемпионатын жеңіспен бастады.

Дүбірлі дода 10-26 мамыр аралығында Чехияның Прага және Острава қалаларында өтеді.

Қазақстандық хоккейшілер В тобында Франция, Словакия, Латвия, Швеция, Германия, АҚШ және Польшамен сынға түседі. В тобында 10 мамырда Швеция құрамасы АҚШ-ты 5:2, Германия Словакияны 6:4 есебімен тізе бүктірді. Сондай-ақ бұл күні А тобында Швейцария Норвегияны 5:2, Чехия Финляндияны буллиттен 1:0 есебімен жеңді.

Осы жеңісінен кейін қазақстандық хоккейшілер турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Енді қазақстандық хоккейшілер алдағы ойынын 12 мамырда Словакия құрамасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, ұлттық құрама елордада өткен Qazaqstan Hockey Open турнирінде Ресейге 0:1, Беларуське овертаймда 4:5 есебімен жеңілді. Одан кейін ел құрамасы әлем чемпионатына дайындық аясында Чехия мемлекетінде Ұлыбританиямен жолдастық кездесуде 5:2 есебімен жеңіске жетті.