$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қазақстанда өлімге әкелетін ойындардың алғашқы құрбандары белгілі болды

AstanaTV
06.02.2017ж. 20:00
6368
Қазақстанда өлімге әкелетін ойындардың алғашқы құрбандары белгілі болды

Өлімге әкелетін ойын. Петропавлда мектеп оқушысы суицидке итермелейтін ойынның құрбаны бола жаздады. Прокурорлар, ол синий кит ойынын ойнап, өз-өзіне қол жұмсамақ болды, деп отыр. Ғаламтор мен әлеуметтік желіні жаулаған ойын ата-аналар мен мұғалімдерді аяқтан тік тұрғызды. Астанадағы білім басқармасы "Мен өмірді таңдаймын" акциясын бастап кетті. Айбек Қосан сабақтайды.

Мен ойынға қатысқым келеді, мен ойындамын, мені 4.20-да оят. Бұл «Синий кит» деген өлімге қарай жасалатын ойынның белгілері. Петропавлда китпен ойнаған 16 жасар жеткіншек "Киттер жоғарыға жүзіп барады" деп аталатын топтың жетекшісі берген тапсырманы 50 күн бойы орындап, ақырында өмірмен қоштасуға бел буған. Абырой болғанда, дәрігерлер бойжеткенді ажалдан құтқарып қалды. Қазір ол психоневрологиялық диспансерде.

Раушан Кожахметова, СҚО прокурорының аға көмекшісі:

Біз былтыр Бас прокуратура арқылы жастарды суицидке итермелейтін 41 сайтты жауып тастадық. Биыл бес сайттың жұмыс істеуіне тосқауыл қойдық. Мұндай әлеуметтік контенттерді анықтауда еріктілер жұмылдырылды. Қазір арам пиғылды сайттарды анықтауда белсенді жұмыс істеп жатырмыз.

«Беги или умри», «Синий кит», «Тихий дом» ойындары балалар арасында кең танымал. Ойындарға әсіресе 7-10 сынып оқушылары әуес көрінеді.

Айбек Қосан, журналист:

Көліктер көп қатынайтын көшелерде қызыл белгінің жанғанына қарамай жүгіріп өту, бүгінгі балалардың жаңа ермегіне айналған. «Жүгіріп өт немесе өліммен бетпе бет кел!». Қазіргі уақытта бұл ойынның жылдам таралғаны соншалық, құзырлы органдардың араласуына тура келіп отыр. 

Астанада бұл ойынның құрбандары жоқ. Білім басқармасындағылар осылай деп отыр. Бірақ елордада «Мен өмірді таңдаймын!» акциясы басталып кетті. Барлық мектепте ойыннан аулақ болу ескертіледі.

Ануар Жанғозин, Астана қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Осыған итермелейтін түрлі топтардың бар екені белгілі болып отыр. Балаларға арнайы тапсырма беріп, соңы өлімге итермелейді. Біздің тараптан методикалық, психологиялық жұмыстар жасалады. Арнайы тестілеу арқылы қол жұмсауы мүмкін деген балалар анықталып, олармен жеке сөйлесулер өткізіліп жатыр.

Өзімшілдік синдромы - қазіргі оқушылардың негізгі диагнозы. Психологтар пайымы осындай. Өйткені ата-ананың талапшыл болмауы жауапкершілікті сезінбей өсуге итермелейді.

Айгүл Рақымжанқызы, психолог:

Бос уақыттың көптігі, біріншіден, сосын ата-аналардың көбінесе жұмысбастылықтары. Одан қалса, көп жағдайда біздің керек емес сайттарға тежеулік қойылмауларында. Мынау мектептегі мұғалімдер, ата-аналар үшін бұл өте қиын жағдайлар болып тұр қазіргі кезде. Бос уақытын дұрыс пайдаланбай, бақылаусыз қалған балалар көбінесе осы әлеуметтік желіде қызықты деп ойлайтын ойындарға тез кіріп кетіп отыр.

Ирина Якимова, психолог:

Таңғы 4:20-да тұратын кісі күні бойы мең-зең болып жүреді. Арам пиғылды топтың жетекшісі қайғыны насихаттайтын видеоларды, өлеңдер мен суреттерді көрсетіп, балалардың сана-сезіміне қысым көрсетеді. 50 күннің ішінде ол зомбиға айналады. Балалар ондай күйге ұшырамас үшін, ата-аналар балаларынан махабаттарын аямауы тиіс.

Өліммен аяқталатын ойындардың құрбандары көп пе? Құзырлы органдар бұл туралы ақпарат айтпай отыр.

Айбек ҚОСАН