Қарағандыда 2 жарым мыңға жуық көпқабатты үйдің тұрғынлары 5 айға ыстық сусыз қалды. Қалада жылу маусымы аяқталысымен ыстық су қыркүйекке дейін тоқтайды. Салдарынан тұрғындарға су жылытқыштар сатып алуға тура келген. Алайда ондай шығынды көпбалалы аналар мен қариялардың қалтасы көтермейді.
Екі баланың анасы Лаура Әліпбаева 5- інші қабатта тұратындықтан отбасына жуыну, кір жуудың өзі уайым. Сондықтан ыстық суды арнайы кестемен тұтынуға тырысады. Оның үстіне үнемі су жылытқыш қосатындықтан электр энергиясына ай сайын 20 мың теңге төлейді. Бұл қарапайым отбасына біраз салмақ түсіреді.
Лаура ӘЛІПБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Бройлер 5- інші этажға жеткенше өзіңіз білесіз жаздың күні тіпті жетпей қалады.Көп кісілер су қолданады, кір жуамыз дегендей, әсіресе балалар бар кезде өте қиын. Егер ыстық су таза болса, үнемі 12 ай жұмыс істейтін болса өте тамаша болушы еді».
Лаураның көршісі 76 жастағы Валентина Косова су жылытқыштың өзін ала алмай отыр. Бройлердің бағасы арзан емес. Суды ыдысқа жылытып жуынуға мәжбүр. Бүгінде қалада мыңдаған отбасы осылайша су тапшылығын тартып отыр. Қарағандыда 2 жарым мыңға жуық көп қабатты үйде 5 ай бойы ыстық су болмайды. Жауапты «ТеплоТранзит» серіктестігінің басшылығы мәселенің еш шешімі жоғын айтты. Себебі қалада ыстық су да, жылу жүйесінің суы да бір құбырдың бойымен ағады. Магистраль әбден тозған. Сондықтан жазда жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ыстық суды тоқтатудан басқа амал жоқ.
Андрей ЛЯПУНОВ, «ТЕПЛОТРАНЗИТ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:
Бұл екі жылу құбыры қайта жөнделеді. Яғни оларды бөліп қайта ауыстырып саламыз. Бұл кезде ішінде ыстық су болмау керек. Қаланың құбырлар жүйесі 900 шақырым екенін ескерсек, бір жазда жөндеп тастау да мүмкін емес. Бірнеше кезеңге бөліп ауыстырамыз.
Ал тәжірибелі құрылысшы, депутат Төлеген Әшімов мәселені үйлерге жылу алмастырғыштар орнату арқылы шешуді ұсынады. Сарапшының айтуынша, қазір Қарағандының жаңа үйлерінде мұндай қондырғылар бар.
Төлеген ӘШІМОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
Ол үйдің ішіндегі суды жылытады. Су спираль сияқты үйді жылатады, біз жылу алмастырғыш қоямыз да ондағы жылы суды радиаторларға жібереміз. Одан жеке жылу жүйесіне де ағыза аламыз,сөйтіп алаңсыз жуына аламыз.
Қазір жылу алмастырғыштар жаңа көпқабатты үйлерге ғана орнатылып жатыр. Негізі осыдан он жыл бұрын ыстық су жүйесін қалпына келтіруге 300 млн доллар қажет болған еді. Оны іске асыру мүмкін емес делінген. Ал бір жылу алмастырғыштың бағасы 1 жарым млн теңгеден асады.