Қазақстандықтар білім беру мекемелерінің ішінде балабақшаға көбірек шығындалады. Ranking.kz экономикалық порталының мәліметіне сүйенсек, елдегі отбасылар балабақша үшін жылына орта есеппен 24,5 мың теңге жұмсайды, бұл шығынның 31 пайызы. Тіпті айлық бағасы 300 мыңнан асатын мектепке дейінгі білім беру қызметтері бар.
Балзия Жақсылыққызы баласын жекеменшік балабақшаға береді. Себебі мекеме тарапынан баланы таңертең алып кету және үйіне аман-сау алып келу қарастырылған. Алайда екі бала үшін айлық төлем 30 мың теңгеден асады.
Балзия ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бір балаға 15 мың, екінші балаға 18 мыңнан. Әрі развозка қазір қымбаттап кетті, сосын кішкене үйде қалып қойды. Ауылдық садиктерде 5-7 мың теңге екен, ыңғайлы. Ал қалада шектен тыс қымбат.
Соңғы бір жылда Қазақстандықтардың білім алу үшін төлейтін ақысы 29,1%-ға өскен. Отандастарымыз ең көп төлемді балабақшаға жұмсаса, одан кейін формаға тапсырыс беру, оқулық алу сынды мектеп шығындары тұр. Ал жоғары оқу орнының ақысы барлық отбасыға шаққанда шығынның 16,2 пайызы ғана.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Әрине қымбат садиктың бағасы. Алатын айлығымыздың өзі - 100 мың.
- Баламызға өте қымбат. Көп балалыларға тіпті қымбат. Жұмыс істемейтін аналар бар ғой бір баланың ақшасына қарап отырғандар. Ол кісілерге қиындау енді сәл.
- Менің балаларым барады садикке. Бірақ біз өзіміз тегін барамыз. Көпбалалы отбасы деп саналамыз.
Жекеменшік балабақшаның бәрі бірдей бағаны еріккеннен удай қылып отырғанымыз жоқ дейді. Орынды жалға алуың бар, тамақпен қамтамасыз етуің бар, сондай-ақ қызметкерлердің жалақысы бар, бірін тартса біріне жетпейді. Әрі орналасқан ауданына қарай орынды жалға алу пұлы да өсе береді.
Аягөз ТАЛҒАТҚЫЗЫ, ЖЕКЕМЕНШІК БАЛАБАҚША ДИРЕКТОРЫ:
Арттерапия, англиский, логопед-дефектолог, вокал, хореография сол 45 мыңның ішіне кіреді.+ Левый берегте менің білуімше аренда өте үлкен. Бүкіл тапқан ақшаларын арендаторларға береді. Сол себептен олар мәжбүр сондай 100 мың теңгелік баға беруге.
Мемлекеттік балабақшалар халықтың қалтасын қатты қақпайды, алайда ол жақтан орын табу кім көрінгенге бұйырмайтын бақ іспетті. Ал білім басқармасы жекеменшік балабақшалардың құжатын, тазалығын, қауіпсіздігін бақылайтыны болмаса, қожа боп "қой" дейтін құзіреті жоқ.