$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алаяқтар ШҚО тұрғындарына 36 миллион теңге несие рәсімдеді

15.05.2024ж. 20:00
447
Алаяқтар ШҚО тұрғындарына 36 миллион теңге несие рәсімдеді

Алаяқтар Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына 36 миллион теңге несие рәсімдеді. Тарғын елдімекенінің 12 тұрғыны 6 жыл бойы құжаттарға қол қоймағанын және ақша алмағанын дәлелдеумен болған. Ұзақ уақыт мәселесін шеше алмай жүрген жұрт «AMANAT» партиясының көмегіне жүгінді.

Табыс Абдулхақов пен Дарынхан Сәлімжанов несие мәселелерінің сәтті шешілгеніне әлі сене алар емес. Айтуларынша, о баста алаяқтардың қармағына түскенін білмей қалған. 2016 жылы оларды цифрлық базаға енгізу үшін деп алдап, құжаттарын алып кетіпті. Ал 2 жылдан кейін банктен әрқайсысына 3 миллион теңге көлемінде несие өтеу қажеттігі туралы хабарлама келген.

Дарынхан СӘЛІМЖАНОВ, ТАРҒЫН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

6 жыл бойы біз ұйқы мен тыныштық дегенді білмедік. Банк үнемі несиені қайтаруды талап етіп, алқымымыздан алды. Мен мүгедектік бойынша зейнетақы аламын, ал ақшаның бір бөлігін банк ұстап қалып отырды».

Табыс АБДУЛХАҚОВ, ТАРҒЫН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Құжаттарымыз бойынша мал сатып алуға несие алынған екен. Мұны банк қызметкерлі айтты. Біз бұл туралы мүлде білмедік, ақшаны да, малды да көрмедік. Бармаған жеріміз, баспаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. "AMANAT" партиясы ғана қолдау көрсетті. Олар бізге өтініш толтыруға көмектесті, алаяқтардың құрбаны болғанымызды дәлелдеді.

Қапыда қарызға батып, сан соғып қалған тұрғындардың үй, көлік, малдарына бұғат қойылды. Тіпті, банк карталарынан еңбекақыларын да ала алмаған. Партиялықтар бұл істі мұқият зерттеп, халықты тақырға отырғызып кеткен алаяқтар тобымен байланысқа шықты.

Марғұлан ӘМЕНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ҰЛАН АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз оларға қарапайым адамдарды алдау арқылы байып, табыс таппайтындарын түсіндірдік. Олардан осы қарыздардың барлығын жабуды сұрадық. «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы бар. Осының аясында тұрғындардың қаржылық сауатын арттырудамыз. Олар арнайы курстардан өтеді.

Қиын жағдайға тап болған 12 тұрғынның барлық мүлкінен бүгінде бұғат алынып тасталды. Дегенмен, аңқау елге арамза молдалар қоғамды жайлап барады. «Осы орайда «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы алаяқтардың қармағына түсіп қалмауға зор үлес қосады»,- дейді партия мүшелері.