Биыл жоғары оқу орындарына түсу үшін 112 мың грант бөлінді. Оның басым бөлігі инженерлік, машина өңдеу, құрылыс салаларына бағытталған. Педагогикалық мамандықтарға басымдық беріліп отыр. Сондай-ақ, биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді.
"Машина өңдеу, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына 19 344 грант бөлінген. "Педагогикалық ғылымдарға" – 13 735, "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" саласына – 10 903 орын бар. Ал «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 8 300 ге жуық грант қарастырылып отыр.
Айгүл ЖҰМАБЕКОВА, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Білім министірлігі жыл сайын грант тізімін еңбек министрлігінің кадрларды даярлау мақсатында жасалған болжамы бойынша бөледі. Биыл жалпы гранттың 60%-ы инженерлікке бағытталып отыр. Одан бөлек министірлік "Серпін" бағдарламасына 4 мың, тығыз қоныстанған және батыс өңірлерінің жастарына 5 мың грантты арнап отыр. Сондай-ақ, су тасқыны болған аймақтардағы түлектерге арнайы білім гранттары қарастырылады.
Бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлінген. Ал магистратураға 13 мың, докторантураға түсуге 1 900-ден астам грант берілді. Жылдан жылға білімді жастар үшін мүмкіндік кеңейіп келеді.
Эльдана ЖАНАБАЕВА, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
Мен инженер мамандығын таңдап жүргенмін, кеше кесте шықты. Бағыма орай дәл менің мамандығыма грант санын биылдан бастап көбейтіп жатыр. Елімізге қажет мамандықтардың грант саны көбейгені жастарға да жақсы.
Қазір медициналық жоғарғы оқу орындарында студент тым көп. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі ақылы оқитын талапкерлерді медициналық жоғары оқу орындарына қабылдауға квота енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Сондай-ақ, он жылдық медициналық білім беру бағдарламалары құрылады.
Айнұр САРИЕВА, МЕДИЦИНА МЕКТЕБІНІҢ ДЕКАНЫ:
Осы жылдан бастап университеттердің клиникалық-материалдық базасына сәйкес, сапалы оқытушы профессор құрамына сәйкес квота қойылады. Ол дегеніміз санынан сапасына көшу деп түсінуге болады.
Мұнан басқа жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқыту бағдарламасына өзгерістер енгізілген. Жаңартылған бағдарлама тілді оқытудың жаңа форматына және әлеуметтік-мәдени білімді қалыптастыруға, студенттің коммуникативтік құзыреттілігін арттыруға және тұлғалық әлеуетін дамытуға бағытталған.