$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ұлттық қордан түсетін ақша жыл сайын инвестицияланады

17.05.2024ж. 20:00
448
Ұлттық қордан түсетін ақша жыл сайын инвестицияланады

5 845 бала Ұлттық қордан үлесін шешіп алды. Олардың бәрі- биыл 18 жасқа толғандар. Былтырдан бері сүйіншілеген жоба осы жылы іске қосылған еді. Ақпаннан бастап әр баланың шотына 100 доллардан аударылған. Бұл -қорда жиналған ақшаның 50 проценті. Ақжолтай хабарды естіген ата-ана «балам ұлттық байлықтан үлес алды» деп бөркін аспанға атып қуанды. Өйткені, бұл бала болашағына негіз болатын негізгі капитал. Жыл сайын түсетін төлем осымен қатып қалмайды. Тағы еселенуі мүмкін. Ол қалай жүзеге асады? Аружан Задабек мамандармен тілдесті.

«Әр отбасы ұлттық байлықтың игілігін көру керек». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында осылай деген. Президент Үкіметке «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қордың инвестициялық табысының 50 проценті балалардың есепшотына түсуге тиіс деп шегеледі. Президент пәрмен бергеннен кейін тиісті ведомство мен Парламенттің қос палатасы жобаны әзірлеп, иін қандыра пысықтап шықты. Артынша Мемлекет басшысы заңға қол қойды. Бұл хабар халық саны 20 миллионға жетті деген ақжолтай жаңалықпен қатар шыққан. Тұрғындар бұл сүйінші хабарды қуана қабылдады. Өйткені ұлттық байлықты бөлу мүмкіндігі Ұлттық қор құрылғалы бері бірінші рет жүзеге асқан еді.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Биыл жыл берекелі басталды. Ақпан ақжолтай хабарымен келді. Ұлттық қордан 7 миллионға жуық балаға 100 доллар 52 центтен түсті. Бұл ақшаны ұл-қыздар кәмілет жасына толған соң, білім алуға немесе үй сатып алуға жұмсай алады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

– Ұлттық қордан балаларға 100 доллар түсті, алдыңыздар ма? – Барлығына түсті, иә.
 – Қанша балаларыңыз бар? – 5 баламыз бар. – 5 балаға қанша түсті? – 500 доллар түсті.
- Қуаныш болды. Енді өскенде ақша болады. Өзі бірнарсе істейді сол ақшамен.
- Ата-анаға қосымша көмек. Егер Үкімет көмектерін ослай жастарға беріп тұрса, құба-құп. Біздің болашағымыз жастар ғой!

Қордан алғашқы төлем алған 305 мың бала биыл 18-ге толады. Енді олар 100 долларды қайда жұмсайды?

Мұрат ШӘРІПОВ, «БЖЗҚ» АҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

18 жасқа толған азаматтар биыл өзінің Ұлттық қордан бөлінген ақшасын қолдан алады. 1 мамырдағы статистика бойынша 5845 өтініш орындалды. Бұл дегеніміз өтініш берген азаматтарымыздың шоттарына БЖЗҚ 585 мың АҚШ доллардан астам ақшаны аударды.

Бала 18 жасқа толғанша шотта қанша қаражат жиналады? Елді алаңдатқан тағы бір сауал – осы. Экономистер егер балаға ақша 1 жастан бастап салынса 18 жасқа дейін 3,5 мың доллар жиналуы мүмкін, - дейді. Бірақ...

Сапарбай ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Бұл көрсеткіш өзгереді. Қосылады. 150-200 долларға шығуы керек. Неге? Себебі Президентіміз бүгінгі күнде 60 миллиардтық Ұлттық қорды 90-100 миллиардқа жеткізуге тапсырыс берді. Онда оның инвестициялық табысы да көбейеді. Сол инвестициялық табыстан балаларымызға көп ақша береміз. Сонда 18 жылда 250-ден болса, 4-5 мың доллар ақша жиналады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Экономистің айтпағы -мынау. Төлемдер жыл сайын Ұлттық қор активтерінің өсуі мен инвестициялық табыстың артуына байланысты ұлғаяды. Яғни шотқа түскен 100 доллар құр тұрмайды. Инвестициялануын жалғастырып, біртіндеп көбейе береді. Сондықтан келер жылы балаңыздың шотына 3,5 мың доллар емес, одан көп жиналуы мүмкін.