Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Алматы тауэрс» оқиғасына байланысты жаңа деректер

AstanaTV
09.02.2017ж. 20:00
2947
«Алматы тауэрс» оқиғасына байланысты жаңа деректер

«Алматы Тауэрс» бизнес кешеніндегі өрттің шығуына себепкер болған адамдар жауапқа тартылсын! Қаза тапқан студенттердің ата-аналары осыны талап етті. Алапат өрттен 6 адамның дін-аман шығуына мүмкіндік болған. Осылай деген жәбірленушілердің адвокаты өлім өрт сөндірушілер мен ғимарат иесінің немқұрайлылығынан болған деп мәлімдеді. Ғимарат ішінде қамалып қалғанын дәлелдейтін бейнекөріністі де жария етті.

Өрт лап бергенде студенттердің ғимарат ішінде қамалып қойғаны туралы болжамдар алғашқы күннен-ақ айтылған болатын. Алайда кеңсені жалға алған Батут орталығының директоры апатты жағдайда шығатын есіктің ашық болғанын мәлімдеген еді. Компания директоры, студенттер жеке заттарын алу үшін басқа бағытқа жүгіріп кетіп, түтінге уланып қайтыс болған, деген болжам айтты. Бүгін жәбірленушілердің адвокаты Ерлан Бекболов, бұл сөз шындыққа жанаспайды, деп мәлімдеді.

Ерлан Бекболов, қорғаушы:

Неліктен біздің елде апат кезінде қосымша шығатын есікті кеңсе үшін пайдаланған деген сұрақ мазалап отыр. Аталған есіктің арғы бетінде жапсарлас кеңсе салынғандықтан, ол жабық тұрған. Сол себепті жұмысшылар сол есіктен шығып кете алмай, тұншығып қалған.

Гүлдана Қалдыбаева, А. Зұлпыбековтің әпкесі:

Бәрінен де өкінішті, барлығы бір есіктің түбінде, бір-бірінің үстінде қайтыс болғаны. Бәрінен де сол. Қазір мен мына видеороликтерді көріп, жарам жаңаланып отыр. Ол бала тек маған қамқор еді. Ата-анасы осы жерде әпкеңнен хабар алып тұр деп. Сол күнгі жұмысқа жібермегеніме өкінемін.

Айыпталушы Дәурен Тұяқовтың адвокаты, іспен толықтай танысуға мүмкіндік болмады, деп отыр. Сондықтан бүгінгі мәлемдемеге қатысты толыққанды ақпарат бере алмайтынын айтады.

Жохар Өтебеков, Дәурен Тұяқовтың қорғаушысы:


Алматы қалалық ішкі істер департаментінің тергеушісі Бақбергенов іспен танысуға бар болғаны бір жарым тәулік берді. Іс 16 томнан тұрады, 5 сағаттан артық бейнежазба бар. Сондықтан қазір қандай да бір байлам жасауға ерте.

Тергеу барысында жәбірленуші отбасылардың құқығын қорғаушы ғимаратта өрт сөндіру жүйесінің де мүлдем істемегенін дәлелдеуге тырысыпты. Оқиғадан соң екі күн өткенде адвокат, «Батут орталығы» қызметкерлерімен бірігіп, ғимараттың өрт сөндіру желісін тексеріп шыққан. Бірақ түтіннің исі шыққанда автоматты түрде іске қосылатын спринклерлік, яғни су шашырататын құрылғылар істемеген. Өрттен хабар беретін дабыл да қосылмаған. Оның барлығы бейнетаспаға түсірілген. Қорғаушының дерегінше, 2009 жылдан бері ғимараттағы өрт қауіпсіздігі тексерілмеген.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

«Алматы тауэрс» әкімшілігі бұл мәселеге қатысты жауап беруден бас тартты. Ал қалалық полиция тергеуді әлі жүргізіп жатқанын айтады. Басты күдікті ретінде ұсталған  Дәурен Тұяқовтың қамау мерзімі 12 ақпанда аяқталмақ. Төрт айдан бері тергеліп жатқан істің қашан сотқа түсетіні де әзірге беймәлім.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ