$478.96 €533.03 ₽5.22
×

Елімізде өмірін сақтандыратындар көбейген

20.05.2024ж. 20:00
487
Елімізде өмірін сақтандыратындар көбейген

Елімізде өмірін сақтандыратындар көбейген. Азаматтар жеке басынан бөлек балаларының болашағын да қауіпсіздендіруде. Сала мамандары бұл халықтың қаржылық сауаттарының артқанын білдіреді дейді. Ал халықтың ойы қандай? Тілшіміз сабақтайды. 

Гүзира Мұздыбаева 40 жаста. Ол өз өмірін сегіз жыл бұрын сақтандырған. Ол өзін ғана емес, балаларының да өмірін кепілдендірген. Қоры бар адам қор болмайды. Сондықтан ертеңгі күніме алаңсызбын дейді.

Гүлзира МҰЗДЫБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

8 жылда құдай сақтасын әрине, менің бала шағама ештеңе болған жоқ. Өмірін сақтандырғанда үреймен сақтандырмайды ғой. Бірақ өмір болғаннан кейін ата-аналар дүниеден өтіп кетіп жатыр. Және өзім куәгер болып жатырмын. Өмірін сақтандырғандарға ақша төленіп жатқанын көргеннен кейін неге менің өмірімді сақтандырмасқа деп өмірімізді сақтандырдық.

Сақтандыру компаниясы өкілдерінің айтуынша, өмірін сақтандыруға ниетті азаматтардың саны артқан. Сонымен қатар ата-аналар балаларының біліміне де арнайы қор жинауда дейді. Яғни оқыс жағдай болса, азамат өзін де, перзентін де қорғай алады.

Қализа БАЙДІЛДАЕВА, САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Өмір- өте құнды. Оның теңдесі жоқ. Өмір болған соң неше түрлі жағдайлар болып жатады. Келеңсіз жағдайлар болып жатқан кезде, өзіміздің жақындарымызды тағдырдың түрлі тауқыметінен қорғай аламыз. Мысалға бәрімізде бала бағып отырмыз ғой. Біз жоқ болып қалған жағдайда осы жерден қомақты қаржы алады.

Ал адвокат Жандос Тұяқов азаматтар өмірлерін сақтандырып жатқаны ол біздегі менталитеттің өзгергені дейді. Заң тұрғысынан қарайтын болсақ, жұмыс беруші қызметкерлерінің өмірін сақтандыруға міндетті.

Жандос ТҰЯҚОВ, АДВОКАТ:

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес еңбек шартының еңбек кодексінің 23 бабында қарастырылғандай қандай да бір мекеме азаматтың өмірін сақтандыруға міндетті деп көзделген. Қызмет бабымен байланысты оқыс оқиға болып жатады, жарақат алып жатады, мұның барлығы қолданыстағы заңнамада қарастырылған. Жұмыс беруші өзінің жұмыскерін сақтандыруға міндетті.

Елімізде 6,4 млн адам өмірін сақтандырған. Оның 80 мыңнан астамы өз қаржыларымен ғұмырын кепілдендірсе, қалғандары несие алу кезеңінде сақтанған.