$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Құлсарыға 1 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді

20.05.2024ж. 20:00
344
Құлсарыға 1 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді

Төтенше жағдай басталғалы тасқын судан зардап шеккен Жылыой ауданына 1 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді. Бұл- Атырау қаласы арқылы тасымалданғаны ғана. Құлсары қаласына көмекті тікелей жеткізгендер де бар. Қазір Жылыой аудандық гуманитарлық көмек орталығында 60-қа жуық ерікті тұрғындарға азық-түлік таратып жүр. 

Атырау облысында гуманитарлық штабтың ашылғанына бір жарым ай уақыт болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, көрші мемлекеттерден келген гуманитарлық көмектің басым бөлігі Жылыой ауданына жіберілген. Онда арнайы кесте бойынша 500-ге жуық отбасы барлық қажетті заттармен қамтылған. Азық-түлік, гигиеналық құралдар мен тұрмыстық химиялық заттар бар.

Әмина ЖӘРДЕМҚЫЗЫ, ВОЛОНТЕРЛЕР ШТАБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен, Дағыстаннан, Ресейдегі Қазақтар қауымдастығынан, одан бөлек бірқатар Астана, Алматы, Жетісу, Қызылорда сияқты облыстардан, одан бөлек, жергілік Атырау халқынан өте көп көмек жиналған болатын. Күні бүгінге дейін айтатын болсақ, 1 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналды.

Қазір Құлсары қаласының су басқан тұрғын үй және мүліктің залалын бағалау бойынша мобилді топтар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Облыстық штабтың мәліметінше, күні бүгін 500-ГЕ ТАРТА тұрғын бағалау нәтижесін қолына алған.

Гүлфайруз ӘБІРОВА, ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 Қаншама күндеріміз оймен, қайғымен өтті. Құдайға шүкір бүгін бағалау қорытындысын алып, өзім үкіметіме ризамын. Саман тас үй болды. Сол бағама риза болып, үкіметіме рахметімді айтамын.

Сайлау САРИЕВ, ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз алдан күтіп отырсақ, ол арт жағымыздан келіп соқты. Сонымен суға кеттік, ештеме алған жоқпыз. Тек құжаттарды алдық болды.  Үйіміз сносқа кетеді, жарамсыз деді. 240тан беріп жатыр деді ғой. Солай берсе, квадрат метріне жақсы шығатын сияқты деген көңіліме.

Жалпы Құлсары қаласы бойынша, үш мыңға жуық үйді су басқан еді. Бағалау қорытындысын алғандардың ішінде келіскендер де, шағымданғандар да бар. Олардың өтініші жеке-жеке қаралып жатыр.

Нұрболат САРМАНОВ, ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

3-4 күнде 800ден астам адам обращение жасады. Олардың көп бөлігі облыс әкімі айтқан бағалау құнына келісіп жатыр. Сносқа кеткен үйлерге 200-240 арасында көтермелеу ценасын енгізді. Соған қатысты көп азаматтарымыз өздернің ризашылықтарын , алдағы уақытта қорытындығы келген жағдайда келісетіндерін растады. Ол бойынша біздермен мемарандумға отырды.

Құлсары қаласын тазалау, дизенфекциялау да басты назарда. 10 тоннадан астам қоқыс пен тұрмыстық қалдық шығарылған.