Павлодар ауданында үш күн бойы қамауда отырған балалар құтқарылды. Ата-анасы кәмелетке толмаған балаларын сыртқа шығармай, мектепке де жібермеген, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
17 мамырда рейдтік іс-шаралар барысында Павлодар ауданының прокуратурасы тұрмысы нашар отбасын анықтады. Ата-анасы үш күн бойы есікті ішінен жауып алып, үш кәмелетке толмаған баланы үйден шығармаған.
«Отбасы бірнеше күн бойы ішімдік ішіп, балаларды үйде ұстағаны, мектепке және далаға шығармағаны анықталды. Қабылданған шаралармен Павлодар ауданының прокуратурасы жергілікті атқарушы органдарымен, білім беру бөлімімен, полиция бөлімімен, денсаулық сақтау бөлімімен бірлесіп, балаларды босатты. Оларға алғашқы қажетті көмек көрсетілді», – делінген хабарламада.
Аудан прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесе отырып профилактикалық іс-шаралар өткізуді жалғастыруда.