Бүгін- мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салада аянбай еңбек етіп, төл мәдениетімізді дамытуға зор үлес қосып жүрген бір топ азаматты марапаттады. Салтанатты жиын барысында мемлекет басшысы ұлт руханиятын жаңғырту ісіне қатысты жоспарлармен де бөлісті.
Президент, ең алдымен, шараға жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтады. Өз сөзінде мемлекет басшысы мәдениет пен өнерді дамыту еліміз үшін негізгі басымдықтың бірі екенін айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы» деген. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады.
Қызметкерлерге «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Жоғары мемлекеттік марапатқа ие болған мәдениет жанашырлары қуанышты.
Жексен АЙСЫН, ҚҰРМАНҒАЗЫ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ ДИРИЖЕРІ:
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің қолыңыздан марапат алу мен үшін қуанышты сәт әрі биік мәртебе. Мәдениет саласы әрдайым сіздің назарыңызда екені ерекше қуантады. Өнер адамдарына білдірілген қолдау түптеп келгенде тұтас қоғамға жасалған қамқорлық деп түсінеміз.
Мұрат Бисенғалиев көп жылдан бері халқымыздың өнерін дәріптеп, одан әрі өсіп-өркендеуіне атсалысуда. Болашақта осы игі істерді жалғайтын талантты шәкірт тәрбиелеп жүр. Бүгін оған «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
Мұрат БИСЕНҒАЛИЕВ, А.ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МУЗЫКА МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ:
Мәдениет – қоғам өмірінің айнасы, сарқылмайтын қазына, баға жетпес құндылық. Шығармашылық қауым қоғам дамуы мен тұтастығы жолында қажырлы қызмет етуге әрдайым дайын. Төл өнеріміз өркендеп, мәдениетіміз биік бола берсін.
Мемлекет басшысы ұлт руханиятын жаңғырту ісіне қатысты нақты шаралар қолға алынып жатқанын атап өтті. Мәселен, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты 2026 жылға дейін толықтай қайта жаңғыртылады. Еліміздегі ең басты үш музейге ұлттық мәртебе беріледі. Соңғы отыз жылда алғаш рет бейінді оқу орындары мен мемлекеттік концерт ұйымдарына музыкалық аспаптар сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Былтыр Мәдени саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдадық. Бүгінде мемлекет осы маңызды саланың инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән береді. Тек соңғы үш жылда ел аумағында 700-ден астам ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 168 жаңа нысан салынды. Мәдениет және өнер мекемелерін жабдықтау деңгейі біртіндеп жақсарып келеді.
Бүгінде елімізде 8 мыңға жуық мәдениет ошағы бар. Онда 64 000-нан астам қызметкер жұмыс істейді.