Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Өнер колледжінің студенттері ...дәлізде тәлім алып жүр

AstanaTV
11.02.2017ж. 20:00
3995
Өнер колледжінің студенттері ...дәлізде тәлім алып жүр

«Адамды рух жағынан тәрбиелеу-парыз» деп ұғатындар – бұл принципке орай «өнердің міндеті жоқ, ол тек адамның жаны» дейтін жанымызға жақын пікір да бар, бірақ қазіргі әңгіме ол емес, әрине, шын елгезек жандар. Талантты адамның талантын бейнелеп сипаттағанда – «жағаны ұрған толқын, ыстық құм, мақпал түн, төбені тескен күн... немесе жалғыздық, махаббат, ұмтылыс, құштарлық, азғындық, өлім...»  әйтеуір біздер, қарапайым жандар тамашалай алуымыз керек. Оған енді сөз жоқ. Ал Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы 65 жылдық тарихы бар өнер колледжінің шәкірттері ...дәлізде тәлім алып жүр. Режиссура, хореография, қолданбалы өнер бөлімдері тіпті жатақханада орналасқан. Меншікті тілшіміз Айжан Қуаш кейбір есіктерден инструмент түгілі адам әрең сыятынын айтады.

Бұл - атақты күйші Тәттімбет атындағы өнер колледжінің концерт залы. Оқу орнының ұжымы екі-үш бөлмені қосып, оркестрді әрең сыйғызған. Студенттер аядай бөлмеде аспаптарын құшақтап, сығылысып отыр. Ал, сахна, көрермен орны дегендер атымен жоқ.

Қайыржан Қасымов, Қарағанды қ. Тәттімбет ат. өнер колледжі үрмелі аспаптар оркестрінің дирижері: 

Бұны зал деп айту қиын. Дыбыстар гуілдеп тұр, акустика жоқ. Шығармалар таза шықпайды. Бірақ бүкіл емтихан, академиялық концерттер осында өтеді. Өнер орны деп айтуға ұят, шалғайдағы ауыл клубы секілді. Биліктегілер өнерге мұндай көзқараспен қарайтын болса, онда колледжді мүлде жауып тастасын.

Оқытушылардың ашуы орынды.15 жыл бұрын өнер ордасын биліктегілер өз ғимаратынан шығарып жіберген. Оны облыстық сот иемденіп алды. Содан бері «тәттімбеттіктер» нағыз көшпенділерге айналды. Жүктерін арқалап, көшеді де жүреді. Бұрынғы қан құю орталығы - төртінші мекені. Таси-таси аспаптардың да күйі кетіп, істен шыға бастаған. Ең қиыны, арнайы медицина мекемесі өнер, білім саласымен еш үйлесер емес. Әсіресе, дауыстары зор дәстүрлі әншілер дайындауға мүлде келмейді.  

Дәуренбек Әркенов, Қарағанды қ. Тәттімбет ат. өнер колледжінің дәстүрлі ән бөлімінің оқытушысы:

Баланың ән айтқанда даусы жаңғырмау керек. Ол-вокал. сосын мынау қабырға арнайы матамен қапталады.Соның бәріне сай келмейді.Сонымен ғана шұғылданып жатырмыз.

Дыбысты былай қойғанда, ескі қан құю орталығының кабинеттері де қуықтай. Бір топтың 20 баласы аядай бөлмеге сыймаған соң сабаққа кезекпен қатысады. Салдарынан, дыбыс жазу, дәстүрлі ән, домбыра сыныптары оқу бағдарламасын әрең меңгеріп үлгереді. Ал, мәдени шараларға дайындалу үшін қаладағы мекемелерді жағалап, сахна іздейді.

Гүлжамал Әбішева, Қарағанды қ. Тәттімбет ат. өнер колледжінің домбыра бөлімінің оқытушысы:  

Көп қиналатын нәрсеміз, мысалы, жаңағы байқауларға дайындалардың алдында үлкен сахна керек болады. Балалар өздерін тыңдап, қаншалықты дыбыстың дәрежесін беретінін тыңдауы керек. Қаланың мектептерінің, басқа да ғимараттарының залдарына барып, өтініш жасап сол жерде дайындалып жатамыз. Осы Қарағанды қаласындағы үлкен өнер колледжі, жағдайымыздың осынша төмен болуы әрине, өте өкінішті.

Сымбатты болып өсуі тиіс болашақ әртістердің спорт залы да жоқ. Дене шынықтырудың орнына олар дойбы ойнайды. Ғимараттағы таршылық кіре берістегі киім ілетін бөлме мен дәлізден-ақ байқалады. Тарлығы сонша, екі есік қатарынан ашылса, ортасында өтер орын қалмайды. Бірақ,студенттер осы дәліздерде мемлекеттік емтихандар мен сынақтарға дайындалады. 

Ақжол Баяндин, Қарағанды қ. Тәттімбет ат. өнер колледжінің студенті:  

Кабинеттер жетіспейді бізге, кішкентай. Біз осындай переходтарда дайындаламыз. Бәріміз бірге дайындалғаннан кейін кім, не ойнап жатыр, өз-өзімізді естімейміз.

Ал, болашақ суретшілер мен қолөнершілер, режиссерлар мен хореографтар оқу орнының ғимаратына мүлде сыймай қалған. Ұстаздар оларды жатақхананың бөлмелерінде оқытады. Ал бұл, осында жатып оқитын студенттерге ыңғайсыз. Ең бер жағы, іштегілер тәпішкемен жүргенде, сырттан аяқ киіммен кірудің өзі гигиенаны бұзады.

Мәдина Сыбанқұлова, Қарағанды қ. Тәттімбет ат. өнер колледжінің студенті:  

Таңертең мысалы ұйқымыз келген кезде уже скрипканың, трубаның дыбыстары естіліп жатады. Және де жуынғыш екінші этажда. Таңертең ерте тұрып жуынайын деп жатқан кезде, балалар сабақта отырады. Өзіміз ыңғайсызданамыз жуынуға. Менің ойымша жатақханада білім алған дұрыс емес.

Режиссерлар жатақхананың аядай бөлмесінің бір жағында теорияны оқыса, екінші бұрышында шеберліктерін шыңдайды. Тіпті шағын сахна жасап алған.

Айжан Қуаш, тілші: 

Сәндік қолданбалы өнер студиясында қыздар көркемөнермен айналысып жатқан кезде,қабырғалас кабинетте ағаш шеберханасы жұмыс істеп тұрады. Мұнда ұлдар ағаштан түрлі бұйымдар жасап үйренеді. Оқу үрдісіндегіосы кемшіліктер жастардың шығармашылығын дамытуға едәуір кедергі жасайды.

Ұстаздардың айтуынша, оқу ордасына қойылатын санитарлық –техникалық, эпидемиологиялық талаптар өрескел бұзылып отыр. Өнер ұжымы қолайлы ғимаратты  Қарағанды облысының басшыларынан 16 жылдан бері сұрап келеді.  

Сәуле Жәутеева, Қарағанды қ. Тәттімбет ат. өнер колледжі директорының орынбасары:   

Біздің концерт беріп, дамығымыз келеді. Бірақ репетиция жасайтын жер жоқ. Білім басқармасы дыбыс студиясын, интерактивті тақта бермекші, оны қайда қоямыз? 5 жүздей студент бар. Олар да сахна іздеп, сабылып бітті. Жолақысы болса 80 теңге.

Атақты күйші Тәттімбет атындағы өнер колледжіне биыл сәуірде 65 жыл толмақ. Осы уақытта оқу орны Қазақстан мен шетел мәдениетінің талай жұлдыздарын тәрбиелеп шығарған. Атақты Ресей композиторы Александра Пахмутова, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, опера әншісі Жәмила Баспақова мен Қазақстанның бұрынғы мәдениет министрі Дүйсен Қасейіновтер осында білім алған. Кейінгі эстра жұлдыздары «Формат» тобының әншісі Гүлсім Мырзабекова мен «МузАРТ LIVE» жобасының жеңімпазы Райымбек Сатыбалды да Тәттімбет колледжінің түлектері. Соңғы 5 жылдың өзінде осында оқыған 40-тан астам жас халықаралық байқаулардан жүлдемен оралған. Білікті ұстаздар мен дарынды жастарға жетпейтін бір-ақ нәрсе, ол  – шаңырақ.

Айжан Қуаш «Біздің уақыт».