Қостанай облысындағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауыты қайта жанданып келеді. Екі жылдың ішінде асыл тұқымды арғымақ саны сексенге жуықтаған. Дегенмен үкімет тарапынан кешенді қолдау керек. Кәсіпорынның қарызы қалың. Ескірген жабдық, тозған қораны жөндеу үшін қомақты қаражат қажет, дейді зауыт өкілдері. Ғасырдан астам тарихы бар асыл тұқымды жылқы зауытының жағдайымен тілші Заңғар Санай танысып қайтты.
Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:
Қостанай жылқы тұқымы ат спортына бейім,аламанға түссе алқынбайды.Салт мінуге ыңғайлы, жорыққа төзімді. Кезінде бұл зауытта үш жүзден астам асыл тұқымды арғымақ болса, қазір 71-і ғана қалған.
Тұсында тұралап қалған кәсіпорынның жағдайы сәл де болса оңала бастаған.Жұқпалы індеттен аман қалған қылқұйрықтылар саны көбейіпті. Биыл он шақты құлын алдық, дейді зауыт мамандары.Ендігі кезекте үкімет тарапынан үлкен қолдау керек.
Берік ӘМІРОВ, АТБЕГІ:
Қостанай жылқысы ат спортының барлық түріне келе береді.Өздеріңіз көріп жатырсыздар «Ұлы дала» жорығында да Қостанай жылқысы шауып жатыр.Аламанға да, көкпарға да келе береді.Үкіметтен қолдау болса.Осы жылқы тұқымын көбейтсе нұр үстіне нұр болар еді.
Мардымды қаржы бөлінбегендіктен селекциялық зертхана жұмысы тоқтап тұр. Маман тапшы.Қоралар әбден тозған. Қоршаулар ескірген. Жабдықтар жетіспейді.Қомақты қаражат бөлінсе Қостанай жылқы зауытының ісін ілгерлетуге болады, дейді кәнігі мамандар.
Виталий ГОФМАН, «ҚАЗАҚ ТҰЛПАРЫ» ЖЫЛҚЫ ЗАУЫТЫНЫҢ ЗООТЕХНИГІ:
Атқораларды қайта қалыпқа келтіріп, айналасын аббаттандыру үшін 700 миллион теңге керек. Оның сыртында 4 асыл тұқымды айғыр 30 бие сатып алғымыз келеді.Егер осы қомақты ақшаны берсе бұл зауытты қайта түлетіп, дамытуға болады.
Қазанаттың мәселесін халық қалаулылары да талай көтерді.Түйткілдің түйіні тарқайтын күн туғандай. Мәжіліс депутаттары «Спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту» мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірледі. Соның негізінде «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» және «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Заңдарғатүзетулер енгізілмек.
Аманжол ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Асыл тұқымды жануар және тұқым стандарты деген ұғымдарға өзгеріс енгіздік. Сол арқылы ендігі жерде біз оның жаңағы өнімділігі ғана емес, жалпы жылқы шаруашылығында олардың қабілеттілігі, жылдамдығы, төзімділігі деген секілді қасиеттер жаңағы тұқым стандарты ұғымының ішіне енгізілді.
Асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамытуға субсидия бөлу қарастырылған. Жылқыны көбейтуге, селекциялық жұмыстар жүргізуге, өсіруге кеткен шығындарды өтеуге демеу қаржы беріледі.Алдағы бес жылға 701 миллион теңге қарастырылып отыр. Осындай үлкен қолдаудың арқасында Қостанай жылқысы қайтадан дәуірлеп, қайтадан биікке көтерілуіне мүмкіндік туады, дейді депутат Аманжол Әлтай.