Электрокар иелері электр желілеріне өз бетінше көлігін қуаттай алмайды. Бүгін Мәжілісте экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша да заң жобасы қаралды. Заң жобасында біраз жаңалық бар.
Елімізде соңғы үш жылда электр көліктерінің саны 13 есе көбейген, яғни 570-тен 9813-ке өскен. Алматы қаласы көш бастап тұр. Одан кейінгі орында Астана қаласы мен Алматы облысы.
Асхат БАТЫРҒОЖИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мен электромобильге ауысқалы 9 ай болды. Меніңше, өте үнемді көлік. Аккумуляторын 5 мың теңгеге бір толтырсам апта бойына жетеді. Жанармай құймаймын, салық төлемеймін және тұрақтар тегін.
Тек, электр көліктері үнемі қуаттауды қажет етеді. Бірақ, қазір ол тапшы. Ел бойынша 112 ғана станция бар.
Ильяс ӘШІМХАНОВ, АВТОСАРАПШЫ:
Электромобильдер қазір үлкен қалаларда айдағанға тиімді, бірақ жүргізушінің тағы бір бензин көлігі және электрокар үшін жеке зарядтау станциясы болса ғана жақсы.
Енді полиция ортақ электр желісіне қосылған электрокар иелеріне айыппұл салуы мүмкін. Яғни, электрокар иелері электр желілеріне өз бетінше көлігін қуаттай алмайды. Мәжілісте қабылданған заң жобасында осындай талап қарастырылған. Сондай-ақ, жолдарды жобалау кезінде электр көліктері үшін бөлек орындар бөлу, тұрғын және қоғамдық аймақтарда, сондай-ақ электрқуаттау станциялары бар тұрақтар салу жоспарланып отыр.
Арман ҚАЛЫҚОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бұл ретте әкімдіктерге электрқуаттау станцияларын орналастыру бойынша шешім қабылдау құзыреті беріледі. Сондай-ақ оларға әуежайларда, вокзалдарда және басқа да әлеуметтік, мәдени және демалыс нысандарында электрқуаттау станциялары бар такси тұрақтарын ұйымдастыру және жабдықтау функциялары беріледі
Сондай-ақ бүгін депутаттар «Автомобиль көлігі туралы» және «Жол жүрісі туралы» заңдарына тиісті түзетулер енгізді. Онда автобустар мен троллейбустар жүргізушілерінің жасын жиырма үш жасқа дейін төмендетуді және олар үшін кемінде үш жыл жұмыс өтілін белгілеуді ұсынды, ал «D1» кіші санатындағы жүргізушілер үшін жұмыс өтілі кемінде бір жыл болуы тиіс.