Су тасқыны туралы жалған ақпарат таратқан 29 адам жазаланды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
«Жалған ақпараттардың алдын алу және анықтау мақсатында БАҚ пен әлеуметтік желілерге үнемі мониторинг жүргізіледі. Мониторинг барысында жалған және теріс ақпарат таратудың 41 фактісі анықталып, оларды өкілетті органдар теріске шығарды. Жалған ақпарат таралуының 6 дереккөзі анықталды. Олар бойынша онлайн-платформа иелерінің атына заңға қайшы материалдарды жою туралы талаппен хабарландыру жіберілді», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Сонымен қатар ол мұндай хабарлама су тасқынына қатысты жалған ақпарат таратушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру үшін Ішкі істер министрлігіне де жіберілгендігін ескертеді.
«Жалған ақпараттардың басым бөлігі мессенджерлерде фейк хабарламалардың таратылуымен байланысты. Жалған ақпарат орналастырғаны үшін 29 тұлға (6 адам тұтқындалды, 2 факті бойынша сотқа дейін тергеу жүргізіліп жатыр, қалғандарына айыппұл салынды) жауапқа тартылды. Мұнан бөлек, заңға қайшы сипаттағы 92 жарияланым құқықтық баға беру үшін Бас прокуратураға жіберілді. Аталған материалдарды жариялаған әлеуметтік желі қолданушылармен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді», - деді Олжас Бектенов.