$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"6 жылдан бері ақыретті көріп келе жатырмыз", - тұрғын

23.05.2024ж. 20:00
670
"6 жылдан бері ақыретті көріп келе жатырмыз", - тұрғын

"6 жылдан бері ақыретті көріп келе жатырмыз". Ақмола облысы Ержер ауылының тұрғындары осылай деп наразылық білдірді. Елорданың іргесіндегі ауылға апарар жол жоқ. Жұрт жаңбыр жауса тізеден балшық кешуге мәжбүр. Ұмыт болған өлкеде қордаланған мәселе көптігін айтып арнамызға шағымданған ағайынның жан айқайын тілішіміз Дәрібек Бахытбек тыңдап қайтты. 

Дәрібек БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:

Құдды бір айдала дерсің. Мынау жолмен көлік түгілі, адамның өзі жүруі қиын. Ал Ержер ауылының тұрғындары қалаға күн сайын осылай қатынайды.

Әуелі ауылға кіріп, айналаны түгел араладық. Көзге 1 метр тас жол көрінбеді. Тұрғындар өздігімен ақша жинап, сан мәрте тас төгіп, әрекет қылса да, нәтиже шықпапты.

Асылбек АҚМЫРЗАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Көп әңгіменің тоқетері бізге жол керек. 6 жылдан бері ақыретті көріп келе жатырмыз. Енді былтыр ғана ауылымызға жарық келді. Енді сұрайтынымыз - жол. Біз жолды асфальттап бер демейміз. Жолды көтеріп, тас төгіп берсе де, біз соған рақмет айтар едік.

Ержер ауылының негізі қаланғанына 6 жыл болды. Елдімекенге содан бері жол түспеген. Мұнда 50 - ге жуық үй бар. Тұрғындар жауапты мекемелердің табалдырығын талай тоздырған. Бірақ мардымды жауап жоқ дейді.

Светлана ЛИТВИНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Әкімдік кейде келіп, тек уәде беріп кетеді. Нәтиже жоқ. Қыста боранда жаяу жүреміз. Техника жібермейді. Саны шектеулі дейді. Жағдайымыз осы. Шаршап кеттік.

Ауылда жол ғана емес, мектеп пен медициналық пункт те жоқ. Жұрт балаларын көршілес елдімекендерге не қалаға апарып, оқытады. Ал жедел жәрдем мүлдем ауылға келген емес дейді.

Қият ҚАЛЖАСБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Мен, міне, үш жыл бойы осыдан жаяу қысты күні көктемде мына жерден 1,5 км екі баламды жетектеп мына зиратқа дейін барамын. Зираттан машинаға отырғызып, киімін ауыстырып, дальше мектепке апарамын. Сонда балаларымның айтатыны, жүрегіме бататыны -"папа бізге қашан жол салады"? Осы сөз міне жүрегімде тұр.

Ал әкімдіктегілер бұл мәселеден хабардар екенін жасырмады. Айтуларынша, Ержер ауыл емес, саяжай болғандықтан, жол секілді басқа да инфрақұрылымдарды тұрғындар өз қаражаттарына салуы қажет.

Гомар НАКУПОВ, ТАЛАПКЕР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

ҚР Жер кодексіне сәйкес аталған жер телімдері ол тек қана саяжай құрылысына арналған. Бұл жердегі тұрғындардың бәрі тұрғын үй емес. Сондықтан бұл жер учаськілеріне ауданнан, облыстан болсын бізден болсын жолға және электр жарығы болсын.

Тоқсан ауыз сөздің түйіні тұрғындар өз жағдайларын өздері жасауға мәжбүр.