$480.61 €534.53 ₽5.28
×

2023 жылы Астанада сыртқы жарнама бойынша 6 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды

23.05.2024ж. 20:00
278
2023 жылы Астанада сыртқы жарнама бойынша 6 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды

Сауатсыз аударма, әріп қателері мен қазақ тіліне деген атүсті көзқарас. Былтыр Астанада сыртқы жарнама мен маңдайша атаулары бойынша 6 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Тіл мамандары көрнекі ақпараттардың сауатсыздығын айтып, дабыл қаққанымен, қып-қызыл қателер азаяр емес. Ал осы келеңсіздікке жол беріп отырған кәсіп иелеріне мемлекеттік органдардың да тісі батпайтын көрінеді. Тілдік ахуалды зерделеу мақсатында тілшіміз Мөлдір Жақан сауда орталығын аралады. 

Түрлі нысандардағы маңдайша, жарнама және басқа да көрнекі ақпараттың сауатты жазылуы – аса маңызды мәселе. Еліміздің «Тіл туралы» заң талаптарын орындамайтын кәсіпкерлер жетерлік. Бүгінде жиі кездесетін қателердің бірі - сыртқы жарнаманың тек орыс тілінде рәсімделуі. Кей кезде қазақ тіліндегі нұсқасы болғанымен, орналастыру реті дұрыс болмайды. Заңға сәйкес, көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мемлекеттік тiлде - сол жағына немесе жоғарғы жағына жазылады.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Кәсіпкерлік нысандардағы жарнамаларды тексеру үшін тиісті мамандармен арнайы рейдке шықтық. Біз дәл қазір қаладағы сауда орталықтарының біріндеміз. Шыны керек, мұндағы қателерден көз сүрінеді. Кәсіпкерлер ескеруі тиіс бір жәйт – тауарды ұсынған кезде оның бағасы мен атауын қазақ тілінде жазу міндетті.

Алайда кәсіпкерлердің дені мұндай ережелердің барын білмейді. Түсіндірме жұмыстарына түсіністік танытып, олқылықтың орнын толтыруға уәде бергендердің бары қуантады.

Ержан ТЕЛБАЕВ, КӘСІПКЕР:

Өз қазақ тілімізде жазылғаны дұрыс. Өз Қазақстанымызда тұрып жатырмыз. Мынаны өзгертеміз енді. Қиындық тудырмайды ғой енді плакатты өзгерте салу. Біз енді қазақшаға өзгертеміз.

Алайда мемлекеттік тілдегі жарнамаға атүсті қарайтындар да жоқ емес.

КӘСІПКЕР:

Қазақтар да келеді, орыстар да келеді. Енді орыс келсе, мен не қазақша жауап беріп отырамын ба? Олар оқиды например "молоко" дұрыс қой. Қазақтар орысша да, қазақша да түсінеді. Ал орыстар қазақша не все же понимают.

2018 жылдан бері жергілікті атқару органдарынан бақылау функциясы алынып тасталды. Сондықтан қалалық тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері мониторинг жұмыстарын тек «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, алдын ала рұқсат арқылы жүргізеді. Осыдан болар, жүгенсіз кеткен кәсіпкерлер хайп қуып, кейде тым ерсі қылықтарға да жол беріп жатады. Жақында ғана «Тоқалға чемодан ал» деген жарнама халық арасында наразылық тудырып, кеңінен талқыға түскен еді.

Айгүл ИМАНҒАЛИ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ОНОМАСТИКА БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Дәл қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардағы басқармалар кәсіпкерлік субъектілерге тексеруге баруға өкілеттіктері жоқ. Яғни, көптеген кәсіп субъектілері сондай заңбұзушылықтар орын алса да сол қалпы қалып қоюы мүмкін. Тек қана шағымның төңірегінде ғана барамыз.

Өз ниетімен заңға сәйкестендіріп жарнама ілу үшін мамандардан кеңес алатын кәсіпкерлер кемде-кем. Егер олар заң талаптарын бұзып, құзырлы мекемелердің ескертуін елемесе, құзырлылар қатаңдау шара қолдануға мәжбүр болады.

Ғани ИСАЕВ, «АСТАНА – ЖАРНАМА» КММ СЫРТҚЫ КЕЛБЕТТІК ТЕКСЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Сауда орталықтарына маңдайшаларды ілгісі келетін болса бізге келіп, толық консультацияны, толық ақпаратты алып кете алады. Сәулет және қала құрылысы аңы бар, тілдер заңы, жарнама заңына сәйкесболмаса, бұзып атса, міндетті түрде хабарламамызды беріп, 15 күннен кейін келіп, демонтаждау жұмыстарын жасаймыз.

Мәселенің байыбына бойласақ, жарнама дайындаушылар да бұған жауапты болуы керек сияқты. Филологтардың айтуынша, агенттіктер жарнама тілін игерген лингвисттермен тығыз байланыста болуы қажет. Бірақ маманның да маманы болады...

Назгүл ҚОЖАБЕК, ТІЛ МАМАНЫ, ФИЛОЛОГ:

Мен өзім бір-екі сондай жарнама үлкен маркетингтік агенттіктермен жұмыс істеп көргенмін. Қаншама нұсқа ұсынасың, бірақ ең ақырында сөзбе-сөзге жақын нұсқасын таңдап алатын. Өйткені сол дұрысырақ көрінеді. Шынымен білікті, білімді мамандар бар кәдімгідей креативі жететін, бір шағырамашылық өзінің ойы бар. Сол екеуінің арасын жалғап жіберетін бір жолдар қалыптасса, жағдай жақсарады.

Елімізде мемлекеттік тілдегі жарнамаға жеңіл-желпі қарайтындарға қатысты қандай да бір айыппұл, әкімшілік жаза қолданылмайды. Қаланың көркі саналатын сауатты жарнама тек кәсіп иелерінің өз жауапкершілігінде.