Елімізде 580 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Жыл басынан бері олар 156 млрд теңгеден астам жәрдемақы алды. Сәуір айының өзінде төленген қаржы 39 млрд теңгеге жеткен.
Мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан, бәріне бірдей төленеді. Бұған 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған не 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар жанұялар үміткер бола алады. «Жәрдемақы бала-шағаның керек-жарағын толық өтемегенімен, қымбатшылық алқымнан алған заманда бұл отбасылық бюджет үшін жеңілдік»,- дейді жұрт.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Көмек қой иә, жеңілдік. Қазір барлық зат қымбат, кредиттер бар қазір.
- Нан қымбат, қазір тамақ қымбат. Сондықтан айлықты да, пособиені де барлығын көбейту керек.
Самал Жакупова - 6 баланың анасы. Әрқайсына 13 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады. Бұдан бөлек оған күміс алқа наградасы үшін 26 мың теңге тағайындалған. Көпбалалы ана бұл қаражатты перзенттерінің ойын-сауығына жұмсауды жөн көреді.
Самал ЖАКУПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Әр баланың өзінің ақшасы болған соң, қыдыртамын, киноға барамыз мысалы. Арасында пицца, суши жегісі келеді. Соларға апарамын. Сәл болса да, ол ақша бізге көмек.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеледі. Биыл
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге төленеді.
Гүлмира ЖӘКЕНҚЫЗЫ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕМУЕТТІК ҚОЛДАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Бала дүниеге келгенде әр отбасыға немесе анаға бала туу бойынша жәрдемақы тағайындалады. Ол енді баланың реттілігіне сәйкес. Бірінші, екінші, үшінші бала болса, онда 140 мың биылғы жылғы мөлшері. Ал 4 және жоғары болса, онда 232 мыңнан астам қаражат төленеді. Ол біржолғы төлемақы.
Айта кету керек, 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ке артты. Биыл бұл іске жалпы сомасы 474,8 млрд теңге қарастырылған.