$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жайық өзеніндегі су деңгейі Индер ауданында 10 метрден төмен түсті

AstanaTV
24.05.2024ж. 11:26
627
Жайық өзеніндегі су деңгейі Индер ауданында 10 метрден төмен түсті

Жайық өзеніндегі су деңгейі Индер ауданында 10 метрден төмен түсті. Ал, Махамбет ауданында әлі де 10 метрден жоғары болып тұр.

Атырау облысы жедел штабының мәліметінше, бүгін, 24 мамырда өзен арнасындағы су Индер ауданының орталығы – Индербор кентінің тұсында - 5 сантиметрге азайған. Қазір бұл аудандағы су деңгейі 9 метр 95 см құрады. Бұл – таңертеңгі сағат 08:00-дегі мәлімет.

Жайық өзенінің суы Махамбет ауданында әлі де 10 метрден жоғары деңгей сақталып отыр. Бұл ауданда кеше, 23 мамырдағы сағат 20:00-де 1020 см болған еді. Бүгін таңертең өзен арнасы көтерілмей, осы деңгейі сақталып тұр.

Ал, Атырау қаласында су арнасының деңгейі бүгін +5 сантиметрге ұлғайды. Мұнайлы шаһарда Жайықтың суы қауіпті шектен 40 см асып, 590 см болып тұр.

Өзен арнасымен ағып келген судың деңгейі қала маңындағы Жаңаталап ауылында 426, Еркінқала елді мекенінде 348 см құраған. Екі елді мекеннің тұсында +2 сантиметрге көбейген.