$494.87 €520.65 ₽4.91
×

БҚО-да құрылысы төрт жылға созылған жол биыл аяқталады

24.05.2024ж. 20:00
455
БҚО-да құрылысы төрт жылға созылған жол биыл аяқталады

Батыс Қазақстан облысында төрт жылға созылған республикалық жолдың құрылысы биыл аяқталады. Облыстың ең шалғай ауданы - Бөкей Ордасымен жалғайтын жолды мердігерлер межелі мерзім ішінде салып бітіреміз деп сендіріп отыр. Хан Ордасына апарар кірме жолды салуға 1 миллиард 953 миллион теңге бөлініпті. Бөкей Ордасы еліміздің тарихында тұңғыштар мекені ретінде танымал. Алғашқы қазақ мектебі, аурухана, қыздар училищесі, баспахана, тіпті қазақ даласындағы тұңғыш банк те осында ашылды. Атақты Исатай-Махамбет батырлар да осы өлкеде бас көтерген. Жәңгір хан, дәулескер күйші Дәулеткерей де секілді тарихи тұлғалар да осында жерленді. Ұзаққа созылған жол құрылысы аяқталған соң, қойнауы тарихқа толы өлкеге ат басын бұрар туристердің көбейері анық. Бұған дейін жол азабы - көр азабы деп қиналған ауылдықтар да ақжолтай хабарды естігесін, қуанышын ірке алмады. 

Бауыржан ЖҰМАҒАЛИЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ең бір шеттегі ауданбыз. Шалғай аудан. Мәдениетіміз дамыған, тұңғыштар отаны болып есептеледі аудан. Сондықтан бұл жерге көрушілер, қызығушылар, көргісі келетін адамдар бар. Мына жолды бітірсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Облыс орталығынан 500 шақырым шалғайдағы ауданға жол салу 2020 жылы басталса да, түрлі себеппен төрт жылға созылды. Мердігерлер "Өнеге-Бисен-Сайқын" автожолымен қатар, "Казталов-Жәнібек-Ресей Федерациясы шекарасы" жолы биыл салынып бітетінін жеткізді. 

Асылбек МАРДАН, "ҚАЗАВТОЖОЛ" ҰК" АҚ БҚОФ ДИРЕКТОРЫ:

Көптен бері жоспарланған орташа жөндеу жұмыстарының сараптама қорытындысы шығып, жоспар бойынша 2024-жылдың аяғына дейін толықтай жұмыстар аяқталып, жолды қолданысқа берейін деп отырмыз.