Қазақстан жалпы ішкі өнімнің мөлшерін 2029 жылға қарай екі есе, яғни 450 миллиард долларға жеткізуге ниетті. Осы асқақ мақсатқа жету үшін біз білім мен инновацияға негізделген заманауи экономиканың іргесін қалап, жыл сайын 6 пайыз өсімді қамтамасыз етуге тиіспіз. Сингапурдағы лекциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. 46-шы Сингапур дәрісінде Мемлекет басышысы тағы нені назарға алды, қандай маңызды мәселелер төңірегінде сөз қозғады? Әріптесім Айбек Салдатбек айтады.
Мемлекеттік сапардың екінші күнінде Президент «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» тақырыбында 46-шы Сингапур лекциясын оқыды. Бұл - Юсоф Исхак институты ұйымдастырып келе жатқан мемлекеттер басшылары мен әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткерлердің ұстанымдарын тікелей тыңдауға мүмкіндік беретін дәріс алаңы. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен өзінің өмір жолында Сингапурдың айрықша мәні бар екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен көп жыл бұрын осы елде жас дипломат ретінде қызмет еттім. Сіздердің еліңіз Қазақстанды даму мен өркендеу бағытында өзіндік жол таңдауға жігерлендіреді. Расында, Сингапурда өткізген жылдарымда табандылық пен жаңашылдықты үйрендім. Бұл қасиеттер қазіргідей құбылмалы әлемде Қазақстанның келешегі туралы пайымымның қалыптасуына әсер етті.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан» және Премьер-министр Лоуренс Вонг ұсынған «Алға, Сингапур» бағдарламаларының мақсаттары мен қағидаттары ұқсайтынын айтты. Оған қоса "географиялық алшақтыққа, жер көлемі мен тарихындағы айырмашылықтарға қарамастан, Қазақстан мен Сингапурдың көптеген құндылықтары ортақ әрі ұқсас сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр" деді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қос құжат та халықтың қамын бірінші орынға қояды және елдің игілігін әрбір азамат сезінуге тиіс деген қағидатты ұстанады. Ауқымды ұлттық трансформация – оңай үдеріс емес. Бірақ қанша қиын болса да, біз бұл стратегиялық бағытымыздан айнымаймыз. ЖІӨ мөлшерін 2029 жылға қарай екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін жеткізуге ниеттіміз. Біз Сингапур сияқты бизнес, қаржы, дарындылар мен инновация шоғырланатын сенімді орталыққа айналуға ұмтыламыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық қауіпсіздік ландшафтында мол мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймай, едәуір қауіп төндіретін елеулі өзгерістерге де назар аударды. Былтыр әлем елдерінің әскери салаға жұмсаған шығындары 2,2 триллион долларға жеткен. Бұл рекордтық көрсеткіш. Сондай-ақ, Президент қаруланудың жаңа бәсекесі адамзатты әскери қақтығыстың құрбанына айналуға әкеп соғатынан айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Экстремизм, терроризм, кибернетика, ғарыш, жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, жаппай миграция және эпидемия туындатқан түйткілдер жаһандық қауіпсіздіктің жағдайын одан сайын ушықтыра түсті. Алайда Астана мен Сингапур дамып келе жатқан орта державалар ретінде мұндай бөліну мен жіктелуге көз жұмып қарай алмайды. Қауіп-қатер өте зор. Егер шара қабылдамаса, тағы бір қырғи-қабақ соғыс зобалаңына тап келуіміз әбден мүмкін.
Мемлекет басшысы климаттың өзгеруімен күрес, су ресурстарын басқару және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында Қазақстан мен Сингапур өзара тиімді ықпалдастық жасай алатынын жеткізді. Осы орайда Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және жасыл энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін ашу бастамасы бұл мәселелерді шешуде елеулі рөл атқара алатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Климат дағдарысына себепші болатын да, алдымен оның зардабын тартатын да – су саласы. Әлемде 2 миллиардтан астам адамның таза ауызсуға қолы жетпей отыр. Осы ретте мен Су экономикасы жөніндегі жаһандық комиссияның тең төрағасы ретінде көшбасшылық танытқаны үшін Президент Тарман Шанмугаратнамға ризашылығымды білдіремін. Ол биылғы БҰҰ конференциясы шеңберінде Қазақстан мен Франция ұйымдастыратын One Water Summit жиынына елеулі үлес қосатынына сенімдімін.
Дәрістен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси қақтығыстарды реттеу, Қазақстан мен Сингапурдың ынтымақтастығын дамыту перспективасы туралы бірқатар сұраққа жауап берді. Сондай-ақ Орталық және Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің халықаралық қатынастардағы рөлі туралы пікір білдірді. "Сингапурдың ашық әрі инклюзивті аймақтық архитектураны құруды көздейтін «өзара тоғысатын достар ортасы» ұғымы – Орталық Азия үшін де өте өзекті.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ БАС ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Қазақстанның Сингапурдан осы қаланы салу бойынша, инфраструктураны жақсарту бойынша алары көп. Ол жерде білесіз бірнеше Азияның Жолбарыс атанған жаңа экономикалар көтеріліп келе жатыр. Батыспен де, Қытаймен де, Оңтүстік Азия елдерімен мықты қарым-қатынас орнатқан өте ақылды мемлекет Сингапурмен жақын қарым-қатынас құрғаны өте тиімді.
Мемлекет басшысы Сингапурдың үшінші Премьер-министрі Ли Сянь Лунмен және Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіруші министр Тео Чи Хинмен кездесіп, саяси және экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын талқылады. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Тео Чи Хинге өзінің «Беласу. Дипломатиялық очерктер» кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасына қолтаңба қалдырды. Одан бөлек Президент Қазақстан-Сингапур ректорларының "Ғылым мен жоғары білім саласындағы әріптестіктің жаңа шыңы" атты форумына қатысты. Соңғы бірнеше жылда еліміз беделді 19 университетпен стратегиялық альянс құрған. Айта кетейік, кеше Қазақстан мен Сингапурдың тиісті ведомстволары арасында Жоғары білім беру саласындағы ынытымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.