$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қарағанды облысының 9 ауылында ірі қарадан бруцеллез анықталды

27.05.2024ж. 20:00
561
Қарағанды облысының 9 ауылында ірі қарадан бруцеллез анықталды

Қарағанды облысының 9 ауылында ірі қарадан бруцеллез анықталды. Шет, Қарқаралы, Нұра, Абай және Осакаров аудандарында санитарлық шектеу жарияланып, елдімекендер арасында мал тасымалдауға тыйым салынды. Бүгінге дейін 18 сиырдан дерт расталып, олардың барлығы сойылған. Зарарсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, ауырған мал еті қайта өңделуге жіберіледі. Тұрғындарға келтірілген шығынның 30 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Қалған 70 пайызын ет өнімдерін өңдеушілер қайтарады. Бруцеллез малдан адамға жұғуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер ауру мал қожайындарының денсаулығын да тексереді. Алайда әзір тұрғындар арасында ондай жағдай анықталған жоқ. Дегенмен ветеринарлар тұрғындарға ет және сүт өнімдерін жоғары температурада мұқият қайнатып тұтынуға кеңес береді. 

Ержан БЕКЕТБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

15-20 күн сайын қан алынып жаңағы оң нәтиже көрсеткен малдар санитарлық союға жіберіліп, етін қайта өңдеуге жіберіледі ережеге сәйкес. Жаңағы 15-20 күн сайын шыққан ауруларды дезинфекция жүргізіледі. Бұның бәрі республикалық бюджет есебінен, алаңдауға ешқандай не жоқ. Ол жылдық жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқан, сол жоспарлы жұмыстармен лабораториялық әдістермен ПТР әдісімен анықталып отыр.