"Әкімдер халықтан ақша сұрап жүр". Тұрғындардың әрқайсысына жеке-жеке жазып, 5-10 тиын тастауын өтінген. Жұрттан теңге сұрайтындай өңір басшыларына не көрінді десек, бұл -алаяқтардың әрекеті екен. Беттің арын белгі байлағандар енді әкімдердің атынан елді алдауға көшіпті. Олар бір аптаның ішінде бірнеше атқамінердің атын жамылып, оңай олжа таппақ болған. Желідегі түсініксіз жазбалар туралы әріптесім Аружан Задабек айтады.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Әкім бол, әкім болсаң халықыңа жақын бол! Біздің кей басшылар осы сөзді тікелей түсініп жүр-ау. Бірінен кейін бірі жұрттан ақша сұрап, масқара болды. Алдымен білдей бір Алматы облысынының әкімі тұрғындардан ақша жинап жатыр деген ақпарат тарады. Артынан оның бәрі жалған екені айтылды. Сөйтсек, бұл тұнып тұрған алаяқтық екен.
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Мессенджерлерде алаяқтар өздерін облыс әкімімін деп таныстырып жатыр. Тұрғындардан мұндай хабарламаларға сенбеуді және күмәнді сілтемелерді баспауды сұраймыз. Аталған факті Қонаев қалалық полиция басқармасында тіркелді. Қазір тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында процессуалдық тексеру жүргізіліп жатыр.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың да атынан жалған аккаунт пайда болған. Қаржы керек деген әкімнің хатын алған халық аң-таң.
Шахназар САЛИН, ҚАЛАЛЫҚ ПБ БАСТЫҒЫ:
2024 жылдың үш айының қорытындысы бойынша Қарағандыда 1195 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде 291 – интернет-алаяқтық. Яғни, жалпы тіркеудің 24,7 %.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Алаяқтар мұнымен тоқтамады. Құрығына Шымкент қаласының әкімін де іліп үлгерді. Мұны көрген Ғабит Әбдімажитұлы өзге әріптестері секілді желі арқылы тұрғындарға үндеу жолдады. Жалған ақпаратқа сенбеңіздер, сақ болыңыздар деді. Басшы жазбасына пікір қалдырған желі қолданушысы да көп.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Алаяқтар әкімді де пайдаланайын деген ба?
- Мә, сақ болыңыздар! Не сұмдық мынау? Әкім мырзаның канша еңбегін бағаламағаны ма?
- Шара қолдану керек. Халықтың жарты пайызы сіздің жеке аккаунтыңызды білмеуі мүмкін.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Енді алаяқтар осыдан кейін тоқтайтын шығар?! Бұл үміт алдады. Күні бүгін алаяқтар Қонаев әкімі Асхат Бердіхановтың атынан ақша сұраған. Бұл не деген масқара деген әкімдіктің баспасөз қызметі жазбаға қатысты түсініктеме берді.
ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Бүгін Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановтың атынан бәзбіреулер WhatsApp желісінде хабарламалар таратып жатқаны анықталды. Мұндай хабарларды интернет-алаяқтар жібереді.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Алаяқтар әкімдермен ғана шектелмеді. Премьер-Министр мен Үкімет мүшелері атынан да жалған ақпарат таратқан. Әзірге олардың кім екені белгісіз. Жауаптылар әркім өзі үшін сақ болуға шақырды.