$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Абай облысының тұрғынынан аса ірі мөлшерде марихуана тәркіленді

AstanaTV
31.05.2024ж. 07:35
1043
Абай облысының тұрғынынан аса ірі мөлшерде марихуана тәркіленді

Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз тасымалдау жағдайын тоқтатты. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер есірткінің ірі партиясын тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.

Омбы – Майқапшағай тас жолында жедел ақпарат бойынша полицейлер ВАЗ 21060 автокөлікті тоқтатты. Тәртіп сақшыларымен тінту барысында артқы орындықта ішінде өсімдік тектес жасыл түсті заты бар екі полимерлі пакет, сондай-ақ өсімдік тектес жасыл түсті ұнтақты заты бар полимерлі пакеті бар сөмке табылып, тәркіленді.

Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, көлік құралын тінту кезінде алынған есірткі құралдары – 2 келі 006 гр, ал кептірілген марихуана – 23 келі 497 гр.

ВАЗ жүргізушісі Абай облысының бұрын сотталған тұрғыны болып шықты. Ол уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Күдіктінің өзі айтқандай, ол тыйым салынған тауарды Шу қаласынан алып келген.

«Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта есірткі заттарын жеткізу арналарын анықтаудамыз», - деді Абай облысы ПД бастығының орынбасары Нариман Күлдіков.