"Бірлік дамудың негізі". Жетісу өңірінде осы тақырып аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІІ сессиясы өтті. Дәстүрлі жиында биыл елдегі су тасқыны болған өңірлерге халықтың жұмылған жұдырықтай көмек көрсетуі сөз болды. Сондай-ақ этномәдени бірлестіктер белсенділері марапатталды.
Облыс орталығында өткен шара ең алдымен этномәдени бірлестіктердің көрмесінен басталды. Аталған жиынға қатысқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев батыс пен солтүстік өңірлерге көмек қолын созған барлық ұйым өкілдеріне алғыс айтып, ортақ істен ешкім шет қалмағанын жеткізді.
Бейбіт ИСАБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
"Жүректен жүрекке" акциясы мен «Қайырымдылық керуені» жобасы аясында Жетісу облысынан су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 99 миллион теңгеге жуық сомаға 260 тонна азық-түлік, киім-кешек және тұрмысқа қажетті заттар жолданды.
Қарғын судан жапа шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек көрсетуде Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамашыл болды. Этномәдени бірлестіктер аймақ халқын қайырымды іске жұмылдырды. Жалпы өңірде 22 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
Турган ЗАИЫТОВ, "ҚАЗАҚСТАН ҰЙҒЫРЛАРЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ" ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Тілді дамыту, тұрақтылықты сақтау, ынтымақты сақтау бойынша Панфилов ауданында көп екі тілді мектептер бар. Қазақ тілін дамытуға кружоктар ашылып, мектептерде жұмыс істеп жатыр.
Жиын барасында облыстық орыс этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мемлекет басшысының Алғыс хатымен марапатталса, өзге бірлестіктердің белсенділері облыс әкімінің марапатына ие болды.