Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір бастамасы іске асырылды. Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады. Бұл туралы Ерлан Қарин Telegram-дағы парақшасында жазды.
"Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында лудоманиямен күресу үшін жүйелі жұмыс жасап, кешенді жоспар құруды, сондай-ақ тиісті заңды тезірек қабылдауды тапсырған еді. Естеріңізде болса, Мәжіліс бұған дейін осыған қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарастырған болатын. Қабылданған кешенді жоспардың іс-шаралары заң жобасының негізгі ережелерімен толық үндеседі. Кешенді жоспардың жобасын сарапшылар, сондай-ақ Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері кеңінен талқылады. Жоспар 4 бөлімнен және 28 тармақтан тұрады. Оның сапалы орындалуына 15 орталық және 20 жергілікті мемлекеттік орган жауапты болады", деп жазды Мемлекеттік кеңесші.
Сондай-ақ ол лудоманияға қарсы күресте мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бүкіл қоғамның жұмылуы, дәйекті әрі жүйелі жұмыс жасауы аса маңызды екенін ескертті.