$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Аңсаған сәби» бағдарламасы 3 жылда 7 мыңнан астам сәбиге өмір сыйлады

«Аңсаған сәби» бағдарламасы 3 жылда 7 мыңнан астам сәбиге өмір сыйлады

«Аңсаған сәби» бағдарламасы 3 жылда 7 мыңнан астам сәбиге өмір сыйлады. Елордадағы «Экомед» орталығында бағдарламаның 3 жылдық жұмысын қорытындылаған ерекше фестиваль өтті. Жиынға «Аңсаған сәби»-мен бөпелі болған 100-ден аса ата-ана қатысып, өз қуаныштарымен бөлісті. 

Көкшетаулық Оспановтар отбасы ЭКО арқылы сәбилі болған. Бұған дейін бірнеше мәрте өз қаражаттарымен ем алған. Бірақ, нәтиже болмапты. Содан олар "Аңсаған сәби" бағдарламасына жүгінген.

Арман ОСПАНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Басынан бастап дәрігерлер не айтады, соны істеу керек. Мұңаймау керек. Адамның көңіл-күйі, мысалға әйел адамның көңіл-күйі, ер адамның көңіл күйі сезіледі да. Іштей, жүректей сену керек, балалы боласыңдар деп.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Үкіметке «Аңсаған Сәби» бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Президенттің бұл пәрмені тегін ЭКО-ға арналған квоталарды арттыруға көмектесті.

Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА,  ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Сол бағдарламаға дейін жылына мың квота берілетін болса, бүкіл Қазақстанға. Әрине кезегін күтетін әйелдердің саны да, ұзақтығы да өте көп болатын. Жылдап күтетін жағдайлар болды. Жеті, сегіз, тоғыз жылға дейін баратын. Бүгінгі күні «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында күту бүгінгі күні 12 айға дейін ғана жетіп отыр.

Бұрын балалы болуды армандаған отбасы несие алып, эко-ға жүгінсе, қазір аталған бағдарлама арқылы сәби сүйеді. Ал квота іліге алмағандар "Мәриям" қайрымдылық қоры арқылы қуанышқа бөлене алады.

Ләйлә СҰЛТАНҚЫЗЫ, "MАRIYAM" ҚОРЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

"Аңсаған сәби" бағдарламасына кірмей жүрген, кіре алмаған отбасыларға біздің қор көмектесуде, "Мәриям" қоры. Қазір 30-ға жуық бір жылдың ішінде отбасына көмектестік. Кемі 2 млн-нан төлейміз, әр эмбрион тасымалына. Құдайға шүкір көрсеткіш өте жақсы. Алдыңғы сәбилер дүниеге келіп жатыр.

Қазақстанда бала сүюді армандаған ерлі-зайыптыға көмектесіп келе жатқан Салтанат Байқошқарова ең алғаш болып зертхана ашты. Дәрігер бұрынғы мен қазіргі медицинаның мүмкіндіктерінің арасы жер мен көктей, дейді.

Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА,  "ЭКОМЕД" КЛИНИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ДИРЕКТОРЫ:

Осы 3 жылдың ішінде 21 мың квота берілді Қазақстанда. 19 клиника атсалысты осыны орындауға. Биылғы жылы 17 клиника атсалысып жатыр. Төртінші жыл жұмыс істеп жатырмыз. Сол 21 мың квотадан 8 мыңға жуық жүктілік алынды. 7 мыңнан астамы қазір балалы болды.

ЭКО арқылы ең алғашқы сәби 1996 жылдың шілдесінде дүниеге келген. Отыз жылға жуық уақыттан бері жасанды ұрықтандыру әдісімен елімізде 30 мыңнан аса нәресте өмір есігін ашқан. Осынша отбасыны қуанышқа бөлеген бағдарлама әлі талай жанұяны қуантатын болады.