Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Үйлері сүрілетін павлодарлық тұрғындар өтемақы туралы ұсынысқа наразы

AstanaTV
14.02.2017ж. 20:00
1944
Үйлері сүрілетін павлодарлық тұрғындар өтемақы туралы ұсынысқа наразы

Үйлері сүрілуі тиіс павлодарлықтар өтемақы мөлшеріне наразы. Шахар басшысы Алюминстрой шағын ауданының тұрғындарына "жалдамалы баспана іздеңдер немесе 5 млн теңгеге пәтер сатып алыңдар" деп ұсыныс тастаған көрінеді. Алайда, тұрғындар бұл ақша түкке де жетпейді деп шырылдап отыр. Олардың талабы «тиесілі шаршы метрлерді заңға сәйкес берсе» дегенге саяды.

Төбесін көрдіңіз ғой. Пленка қоямыз, тегеш қоямыз. Ана жерден, мына жерден су ағады. Жарықтың жанынан аққанда, сөндіріп тастаймыз.

Бұл Алюминстрой шағын ауданындағы әр шаңырақта кездесетін жағдай. Төбеден аққан су, шұрық-тесік еден мен жел уілдеген терезе. Баратын жері болмаған тұрғындар бірнеше жылдан бері осында тұруға мәжбүр. Ал, бес жыл бұрын апатты деп танылған саман баспаналардың алды қазір сүріле бастаған. Қарқын алған құрылыстан үміттенгендер көп.

Валентина Ильенко, Павлодар қаласының тұрғыны:

Ақпанның басында әкім бізге ұсыныс тастады. Оған сәйкес, 5 млн теңге өтемақы төленеді. Біз ол ақшаға қаладағы ескі көпқабатты үйлерден пәтер сатып алуға тиіс екенбіз. Ережеге сай алған үйіміз бұрынғы баспанамыздың аумағына сәйкес келуі керек. Түсінбеймін, олар басқа планетада тұра ма? Павлодардағы пәтердің бағасын білмей ме?

Мұнымен келіспегендерге билік жалдамалы баспана табуды ұсынған. Тұрғындардың сөзінше, әкімдік ай сайын әр отбасыға 30 мың теңгеден пәтердің жалдау ақысын төлеуге әзір көрінеді. Алайда, жылжымайтын мүлік нарығында мұндай баға жоқ,-дейді тұрғындар. Олардың есебінше, екі бөлмені 50 мың, ал үш бөлмелі пәтерді 70 мың теңгеге жалдауға болады.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Жергілікті билік бұзылатын баспаналарды босатуға бір ай уақыт берген. Бұл аралықта ұсынылған сомаға пәтер табу мүмкін емес,-дейді тұрғындар. Сондай-ақ, бұқара үйдегі жиһаз бен мүлкін қайда жіберерін білмей дал. Айтуларынша, әкімдік бұл мәселені шешуден бас тартыпты.  

Шаһар басшысы Нұржан Әшімбетов, дауласуға негіз жоқ, деп отыр. Айтуынша, аталған мәселеге қатысты нақты шешім әлі қабылданбаған.

Нұржан Әшімбетов, Павлодар қаласының әкімі:

Тұрғындар қаржыны азсынуда. Бірақ дәл қазір бұл мәселе ашық күйінде қалып тұр. Яғни зерттелу үстінде. Түрлі сайттарды ақтарып, нарықтағы бағаны саралауға кірістік. Сондықтан еш алаңдамасын. Біз тек қайсысы ыңғайлы болады дегенді білгіміз келді. Жалдамалы пәтерге келіссе, төлейміз, ал баспана алып берсін десе, оны да  орындауға дайынбыз.

Алюминстрой шағын ауданында 159 екі қабатты үй болған. Әбден тозығы жеткен бұл баспаналар кеңес одағы тұсында жұмыскерлерге уақытша тұрақ ретінде берілді. Ескі үйлер 2013 жылдан шетінен сүріле бастады. Әкімдіктің ақпарынша, қазір мұнда 5 су жаңа көп қабатты тұрғын үй бой көтерген. Тағы 4 баспананың құрылысы жоспарланып отыр.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ