$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Атырауда ерлі-зайыпты зейнеткер жертөледе тұрып жатыр

03.06.2024ж. 20:00
580
Атырауда ерлі-зайыпты зейнеткер жертөледе тұрып жатыр

Атырауда ерлі-зайыпты зейнеткер жертөледе тұрып жатыр. Көпқабатты үйдің сыз тартқан қараңғы жертөлесін 7 жылдан бері паналап келеді.

Ерлі-зайыпты Мәкәрім мен Ленаның бұл алғашқы жертөлесі емес. Зейнеткерлер бұған дейін көрші үйдің жертөлесін 4 жыл бойы паналаған. Ол жерде кәсіпкерлік нысаны ашылады деп шығарып жіберіпті.. Бұл жертөлеге орналасқанына да үш жылдан асыпты. Алақандай ғана қараңғы бөлме қыста суық, көктемде сыз, жазда ыстық. Ауыз су да, дәретханасы да жоқ. Көршілерден су тасып амалдайды. Өркениеттен ада жерде ілдалап күнелтіп жүр.

Лена БЕГЕШОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Көршілер көрпе көпшік беріп жатады. Лена апа тоңып қаласыз ғой деп. Сөйтіп шығамыз қыстап, жаздай ыстық болады. Ыстықтың бәрі үстінен кіреді. Маса кіреді. Масаның уын сатып аламыз 100 теңгеден күнде. Тамақ та пісіріп үйіне шақырады.

Ерлі-зайыптылар екеуі де аула сыпырушы боп нәпақасын табады. Осы маңдағы ғимаратпен бой жарыстырып тұрған талдарды егіп, күтіп-баптаған өздері. Қариялар қыс бойы ауырып шықты,- дейді көршілері.

Лидия ЛОБИКОВА, КӨРШІСІ:

Қыс бойы ауырып шықты, өзім келіп укол салдым. Дәрі керек болса, көмектесеміз шүкір. Екі операция болды екі көзінде. Екі көзі көрмей қалды тұра алмай қалды. Аяғы ақсаңдап жүр. Өздері таза еңбекпен жұмыс жасап ақша тауып отыр.

Жертөле жағалап жүрген жандар пәтер кезегіне тұрмаған. Сондықтан баспанамен қамтылмайды,- дейді қалалық әкімдік өкілі.

Рафхат ЖОЛДИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Уақытша баспана мемлекет тұрғысынан берілмейді. Ол тек кәсіпкерлік, демеушілік негізінде берілуі мүмкін. Кәсіпкерлер ниет білдірген жағдайда. Оған дейін баратын жері болмаған жағдайда біздерде айтқан өмірде қиын жағдайда қалған орталық бар, арнайы осындай адамдарға арналған сонда барып паналап, кез келген көмектерін алуға мүмкіндіктері бар.

Жүрегі мейірімге толы жомарт жандар қалай болса да, жертөледегі өмірден құтылсақ екен дейді.