$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Астанада шақыртуға барып, зәбір көрген жедел жәрдем қызметкері оқиғаның мән-жайымен бөлісті

03.06.2024ж. 20:00
358
Астанада шақыртуға барып, зәбір көрген жедел жәрдем қызметкері оқиғаның мән-жайымен бөлісті

Адамдарды құтқару үшін көмекке келген жедел жәрдем қызметкерлерінің өздеріне көмек қажет. Астанада ішімдікке сылқия тойған қала тұрғыны фельдшерге пышақпен шабуыл жасап, жұдырық ала жүгірген. Оқыс жағдай жайында зәбір көрген медицина қызметкерімен тілшіміз тілдесті. 

Түрін жасыруды өтінген фельдшер отбасылық жанжалдан зардап шеккен әйелден шақырту түскен соң, әдеттегідей бірден оқиға орнына аттанған. Алайда аталған мекенжайға жеткен кезде күтпеген жағдайға тап болды. Жедел жәрдем шақырған әйелдің күйеуі масаң күйде медицина қызметкерлерін әуелі балағаттап, кейін пышақ алып қорқытқан. Тіпті, бөлмеге қамап қойыпты. Медицина қызметкерлері дереу полиция шақырып, әрең құтылған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.

Науқас менің ішіме пышақ тақады. Менің көмекшім сыртта қалып қойды, ішке кіре алмай қалды. Ол кісі пышақпен угроза жасап тұрып, есікті жабуымды сұрады. Бір кезде пышақпен жүгіріп келе жатты, сол кезде қолынан ұстадым. Екеуіміз алысып кеттік сол кезде. Пышақ в какой-то момент жерге түсіп кетті. Мен оны келесі бөлмеге лақтырып жібердім, чтобы зиян келмес үшін.

Фельдшерлерге шабуыл жасаған 25 жастағы азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалды.

Марат ӨМІРБАЕВ, АЛМАТЫ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Елорда тұрғынына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Астана қаласының әкімшілік сотының шешімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, Астана қаласы ПД арнайы қабылдап тарату орнына қамалды.

Денсаулық сақтау басқармасы қала тұрғындарын ақ халаттылардың еңбегін құрметтеп, оларға қарсы озбырлық әрекет жасамауға шақырды. Қазіргі таңда жедел жәрдем қызметкерлерінің өзімен бірге қорғаныс құралдар алып жүруі Заңда қарастырылмаған.

Бота СӘДЕТХАН, ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МЕДИЦИНА ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз шақыртуға барар кезде тек қана сол шақыртуға ғана қатысты қосымша ақпарат беріледі. Жарақат алды деп қана беріледі. Нақты қауіп-қатерді 103 линиясында бағалау мүмкін емес. Содан көзсіз біз сол жерге оқиға орнына барамыз көмек көрсетуге.

Айта кету керек, биылдың өзінде Астанада шақыртуға барған жедел жәрдем қызметкерлеріне қауіп төнген тоғыз жағдай тіркелген.