$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Үйі суға кеткен оралдықтар баспаналы болды

04.06.2024ж. 20:00
602
Үйі суға кеткен оралдықтар баспаналы болды

Үйі суға кеткен оралдықтар бүгін баспаналы болды. Жаңа пәтердің кілтін қолына алған үй иелері тасқын кезіндегі қиындықтың көрген түстей ұмыт болғанына қуанышты. Бүгін бір мезетте қоныс тойын тойлаған 52 отбасының қуанышына куә болған тілшіміздің материалы. 

Саяжайдан бейнеттеніп салған жалғыз баспанасы суға кеткелі бері эвакуациялық бекетті паналаған Айтқалиевтерге бүгін жаңа пәтердің кілті берілді. Көпбалалы отбасы енді жаңа мекенде жаңа өмірді бастамақ.

Ризабек АЙТҚАЛИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйіміз суға кетіп қалғанын ескеріп, көпбалалы деп осы үйді беріп жатыр екен. Мың да бір алғыс!

Ульяна НҰРЫШЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Президент мырзаға көптен-көп рақмет! Қуанышымыз шексіз. Рақмет! Барлығына ризамыз!

Баспаналы болу бақыты бүгін бұйырған Тілегеновтер де жаңа үйден пәтерлі болды. Қуаныштан көз жасын ірке алмаған отбасы енді қоныс тойына қамданбақ.

Жарас ТІЛЕГЕНОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бүгін енді осы әкімият тарапынан осы үйді ұсынды: қараңыздар, ұнаса аласыздар деп. Таңертең звондады, келіп қараңыздар деп өздері ұсынды. Сосын қарап алдық. Үй жақсы, өте керемет, ұнады, ұнағасын алып жатырмыз.

Су тасқынынан ең көп зардап шеккен аймақ - Орал өңірі. Үйсіз қалғандарға ірі компаниялар көмектесіп жатыр.

Жандос ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жаңа үйлерден 52 пәтерді тапсырып жатырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға, жерлестерімізге қолдай көрсетілетін болады.

Қала маңындағы саяжайлардағы суға кеткен үйлерді тексеруге өзге өңірлердің мамандары тартылыпты. Әкімдік дерегінше, баспанасыз қалған үш мыңға тарта отбасы көп ұзамай баспаналы болмақ.