$498.34 €519.72 ₽4.85
×

СҚО-да құтырма ауруы бар түлкі ауылға кіріп кетті

AstanaTV
05.06.2024ж. 14:15
674
СҚО-да құтырма ауруы бар түлкі ауылға кіріп кетті

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғынының қорасына кіріп кеткен түлкіден құтырма ауруы анықталды.

СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, оқиға 28 мамыр күні Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Старобелка елді мекенінде болған. Үйдің ауласына кірген түлкіні тұрғын қораға қамап, бірден ветеринарлық қызметке хабар берген.

«Түлкінің ауру екені сыртқы белгілерінен-ақ көрініп тұрды, шабуылдап, аузынан сілекей ақты. Сондықтан өлтіруге тура келді. 3 маусым күні зертхана қорытындысы келіп, жабайы жануарда құтырма ауруы болғаны расталды», - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Аманжол Нұртазин.

Ауыл тұрғынының айтуынша, ауру түлкімен тікелей байланыс болмаған. Соған қарамастан ветеринарлық талаптарға сәйкес оның ауласына шектеу шарасы қолданылмақ.

«Бірлік ауылдық округінің әкімі тұрғын үй аумағында шектеу шараларын белгілеу туралы шешім қабылдайды. Осыдан кейін республикалық эпизоотиялық отряд вирустың таралуына жол бермеу мақсатында түлкі тұрған қораны және ауланы дезинфекциялайды. Бұдан бөлек тұрғынның барлық үй жануарына – 8 қой, екі мысық пен итіне құтырма ауруына қарсы екпе егіледі», - дейді Аманжол Нұртазин.

СҚО-да соңғы рет құтырма ауруы 2021 жылы тіркелген,-деп хабарлайды KAZINFORM.