$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Елімізде әрбір бесінші адам аллергияға шалдыққан

05.06.2024ж. 20:00
461
Елімізде әрбір бесінші адам аллергияға шалдыққан

Елімізде әрбір бесінші адам аллергияға шалдыққан. Көктем және жаз шыға бұл тіптен үдеп кетеді. Отандық диагностикалық зертхананың мәліметінше, соңғы бір жыл ішінде маусымдық аллергия себептерін анықтау үшін 25 мыңнан астам адам жүгініпті. Мұның өзі емі бар ма? Қай уақытта емделген тиімді? Тілшіміз мамандармен тілдесті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер бетіндегі халықтың 40 пайызы аллергиядан зардап шегеді. Мамандар дертке қоршаған ортаның ластануы, тағам құрамындағы химиялық қоспалар, күйзеліс және зиянды еңбек жағдайы әсер етеді деп санайды.

Жұлдыз НҰРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Аллергия бұрында болмаған. Осы бертінді көзім қышып, мұрнымнан су ағып жүргеннен кейін өзім ОРВИ деп сезініп жүргенмін. Қазір көзім бәрі ісіп тұр. Сол аллергологқа келдім. Аллергологтың айтуы бойынша менде сезонная аллергия екен.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстанда 23 мың адамда тозаңдық аллергендерге сезімталдық байқалды. Науқастардың 61%-нда арамшөптерге, астық тұқымдас шөптерге - 22%, ал 17%-ы ағаш тозаңына аллергиясымен зардап шегеді. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмектерге, жан-жануарларға, күннің көзіне, тіпті суға аллергиясы бар адамдар да кездеседі.

Жыл сайын қайталанатын бұл ауруды қыста емдеген тиімді. «Сол кезде теріге сынама жасалып, ауру себебі анықталады да, жазда қозуының алдын алуға болады», - дейді дәрігер.

Самал АМАЛБЕКОВА, ДӘРІГЕР-АЛЛЕРГОЛОГ:

Қазір өршіп тұрған қайыңға аллергиясы бар пациенттер алма жеген кезінде айқасу реакциясы болады. Науқастардың ерні, көзі ісуі мүмкін. Және күзде жусанға аллергия болған кезде күнбағыспен айқасу реакциясы болады. Содан пациенттерде квинке ісігі, анафилактикалық шок, аллергиялық есекжем сияқты аллергиялық реакциялар дамуы мүмкін.

Аллергияны анықтау үшін науқасты ұзақ жылдар бойы бақылау керек. Алайда, дәрігерлердің айтуы бойынша, оны емдеу қиынға соғады. Ал, оны емдемесе, күрделі ауруларардың асқынуына әкелуі мүмкін.