Бүгін - экологтар мен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Бұл жарты ғасыр бұрын БҰҰ қоршаған ортаны қамқорлау туралы шешімімен қабылданған. Табиғатқа қамқор болуға үндейтін атаулы күн бүгінде әлемнің 150 мемлекетіне ортақ. Оралдық экологтар төл мерекеге орай шаһар шетінде сенбілік ұйымдастырды. Жарты күнде еріктілердің көмегімен тал-теректің түбінен бірнеше көлік қоқыс шығарылды. Экобелсенділердің айтуынша, орман-тоғайларды таза ұстап, ерекше көңіл бөлу керек.
Дәуренбек САХЫМ, ЭКОБЕЛСЕНДІ:
Бүкіл қойнаулардың бәрі суға толды, ағаштарымыздың бәрі жақсылап суғарылды. Бүгінгі күнге дейін қазір маусымның ортасы болды дейік, жаз басталып кетті ғой. Әлі қойнауларда су тұр. Ол деген өзіміздің ағашымыздың, табиғатымыздың жақсаруына алып келді.
Атадан мал қалғанша тал қалсын! Мемлекет басшысының 2025-жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызуды тапсыруы да бабаларымыздың осы мұратымен үндескендей. Бүгінде еліміздің жасыл желек жайқалған аумағы- 4% ғана. Егер президент пәрмені орындалса, орманды өлкенің көлемі ұлғая түспек.
Құралай ШАМҰРАТОВА, «ОРАЛ ОРМАН ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ҚОРҒАУ» КММ ОРМАН ИНЖЕНЕРІ:
2023-жылы 505 гектарға 1 миллион 600 мың дана көлемінде ағаш отырғызылды. Жазғы уақыттарда жаңбырдың өте аз жаууы, ылғалдың өте аз болуына байланысты біздің өңірде үйеңкі, қарағаш және шаған тұқымды ағаштарды өсіру жоспарланып отыр.